FlyArystan әуе компаниясы Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша жоспарланған тұрақты рейстерін 29 тамызға дейін тоқтату туралы шешім қабылдады. Тасымалдаушы мұндай қадамға Таяу Шығыс аймағындағы тұрақсыз геосаяси ахуал мен қауіпсіздік мәселелеріне байланысты барып отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ertenmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Әуе компаниясының өкілдері жолаушылардың қауіпсіздігі басты басымдық екенін алға тартып, тоқтатылған рейстерге билет алған азаматтарға қаражатты толық көлемде қайтару тетіктерін ұсынды. Маңыздысы, билет құнын қайтару кезінде жолаушылардан ешқандай айыппұл немесе қосымша комиссия ұсталмайды. Егер билет FlyArystan-ның ресми интернет-ресурсы немесе мобильді қосымшасы арқылы сатып алынған болса, жолаушылар ақшаны қайтару операциясын онлайн режимде өз бетінше жүзеге асыра алады. Ал билетті туристік агенттіктер немесе үшінші тарап сату арналары арқылы рәсімдеген азаматтар сатып алған орнына жүгінуі тиіс.
Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі халықаралық әуе қатынасына айтарлықтай әсер етіп отыр. Бұған дейін ұлттық тасымалдаушы Air Astana компаниясы да Дубай бағытындағы рейстердің тоқтатылу мерзімін 30 сәуірге дейін ұзартқан болатын. Осылайша, қазақстандық тасымалдаушылар жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұшу кестесіне шұғыл өзгерістер енгізуде. Әуе компаниялары аймақтағы жағдайдың дамуын жіті қадағалап отыр және рейстердің қайта жандануы туралы қосымша ақпарат беретін болады. Сапарға шығуды жоспарлаған жолаушыларға әуе компанияларының ресми хабарламаларын қадағалап отыру ұсынылады.





