Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдап, онлайн-платформалар арқылы қызмет көрсететін азаматтардың еңбек жағдайын түбегейлі қайта қарауды ұсынды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Сенатордың айтуынша, такси және жеткізу қызметі бүгінде жүз мыңдаған қазақстандық үшін негізгі табыс көзіне айналған. Сарапшылардың бағалауынша, елде белсенді платформалық қызметкерлер саны 394 мың адамға жеткен.
Алайда ауқымы кең болғанымен, бұл сала құқықтық тұрғыдан әлі де қорғалмаған. Депутат қазіргі уақытта адамдардың мынадай мәселелерге тап болатынын айтты:
- табыстың тұрақсыздығы;
- сақтандырудың жоқтығы;
- даулауға келмейтін айыппұл мен бұғаттаудың ашық еместігі.
Бибигүл Жексенбай халықаралық тәжірибе жүйелі реттеуге көшу қажеттігін көрсетіп отыр деп есептейді. Ол бірнеше негізгі бастаманы жариялады.
Жаңа мәртебе және сағаттық төлем. Депутат жеке заң қабылдап, «тәуелсіз қызметкер» мәртебесін ресми түрде бекітуді ұсынды. Басты жаңалық орындаушылардың табысын қорғау үшін сағаттық төлемнің ең төменгі стандарттарын енгізу.
Бензин шығынын шегергендегі салық. Салық жүктемесін азайту үшін жүргізушілер мен курьерлердің нақты шығындарын есепке алу ұсынылады.
«Әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде шығындарды, соның ішінде жанармай мен көлікті жөндеуге кететін шығындарды есепке алу әдістемесін қарастыру қажет», – деді сенатор.
Ұжымдық сақтандыру. Жеткізу және такси саласындағы жұмыс жоғары тәуекелдермен байланысты. Депутат платформа иелерімен бірлесе отырып, жазатайым және жол-көлік оқиғаларынан міндетті сақтандыруды енгізуді талап етті.
Алгоритмдердің «озбырлығынан қорғау». Сенатор компанияларды тапсырыстарды бөлу қағидатын ашуға және аккаунттарды және аккаунттарды шешімді тірі адам қайта қарау мүмкіндігінсіз, тек робот арқылы бұғаттауға тыйым салуды ұсынды.
Қате қарыздарды есептен шығару. Жексенбай мемлекеттік жүйелердегі техникалық ақаулар мәселесіне де тоқталды.
«Ақпараттық қателіктер салдарынан туындаған барлық негізсіз берешектер мен өсімпұлдарды автоматты түрде есептен шығару механизмін қарастыру қажет», – деп түйіндеді ол.
2026 жылдан бастап Қазақстанда онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейтін такси жүргізушілері мен курьерлер жеке кәсіпкер болып саналуын тоқтатты. Мұндай норма жаңа Салық кодексінің қабылдануымен күшіне енді. Бұл «Яндекс», InDrive, Glovo, Wolt және басқа да сервистермен серіктес болып жүрген жүргізушілер мен курьерлерге қатысты.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұрын платформа операторлары мұндай қызметкерлер үшін әлеуметтік төлемдерді өздері ұстап, аударып отырған. Бұл механизм 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа еніп, жаңа Салық кодексінде де сақталды. Басты өзгеріс – платформалық орындаушылар енді жеке кәсіпкер ретінде есептелмейді, олар жеке тұлға мәртебесіне ауыстырылды.
Бұл ретте мөлшерлеме бұрынғыша 4 пайыз деңгейінде қалды. Төлем құрылымы да өзгерді: одан жеке табыс салығы алынып тасталып, орнына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізілді, оны да платформа операторы аудара бастады. МКК деректері бойынша, бүкіл Қазақстан бойынша 118 мыңға жуық адам осы механизмді пайдаланған.
Ресми түрде салық жүктемесі өскен жоқ, сондықтан жол жүру және жеткізу құны өзгермеуі тиіс еді. Алайда іс жүзінде баға бәрібір платформалардың, жүргізушілер мен курьерлердің өз шешімдеріне байланысты болды.





