Алдыңғы буын Отан алдындағы борышын 2-3 жыл өтесе, кейінгі мерзім 1 жылға қысқарды. Ал қазір әскери-техникалық мектепте бар-жоғы қырық күннің ішінде ақылы түрде әскери борышыңды өтеуге болады. 40 күнде сарбаз не үйренеді, қандай маман атанатынын білу мақсатында «ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебі» РМҚҚ Талдықорған филиалының бақылау-өткізу пунктіне барып, әскери өмірге машықтанып жатқан сарбаздардың біркүндік тіршілігімен танысып қайттық.
Бізді филиал директоры Мекебек Жамауов қарсы алып, жұмыс барысын түсіндірді. Бұл жерде де темірдей тәртіп. Казарма іші айнадай таза. Курсанттар сабақ оқып жатыр. Кез келген адам әскер қатарына қабылданбайды. Жалпы, әскери-техникалық мектепте білім аламын дейтін азаматтар тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істері бөліміне арыз жазуы тиіс. Содан кейін медициналық комиссияның тексеруінен өтеді. Салмағыңыз, бойыңыз, денсаулығыңыз жарамды болса ғана әскери-техникалық мектепке қабылданасыз.
2001 жылы ашылған мекемеде 30 сарбаз борышын өтеуде. Олар керекті құрал-жабдықтар, қару-жарақ, әскери киіммен толық қамтылған. Бақылау-өткізу пунктінде 15 адам жұмыс істейді. Барлығы әскери қызметте болған тәжірибелі мамандар. Мекебек Жамауовтың айтуынша, 70 орынға лайықталған мекемеде оқу екі бағыт бойынша жүргізіледі. Алғашқысы әскерге жарамды 17-26 жастағы жігіттерді Қарулы Күштер қатарына дайындайды. Яғни сарбаздар 3 ай бойы әскери өмірдің алғышарттарына бейімделіп, жеңіл және ауыр жүк көліктеріне берілетін жүргізуші куәліктерін алып шығады. Құжат алғандар әрі қарай әскерге жіберіледі. Аталмыш білім ордасы дәл осы бағытта былтыр жақсы нәтиже көрсетіп, үздік атаныпты.
Екіншісі уақытысында әскерге бара алмағандарға ақылы түрде әскери борышын өтеуге мүмкіндік бар. Басты талап – әскери борышын өтеушінің жасы 24-ке толуы тиіс. Оларды оқытудың бағдарламасы да өзгеше. Бір жылдық әскери міндетті шаралардың барлығы 40 күнге сыйдырылған. Десе де олар бұдан кейін әскери қызметке бара алады. Мұнда оқып, білім алған сарбаз 45 күн оқып, әскери билет алады. Олар әскерге шақыртылмайды. Бірақ, жұмылдыру резервінде есепте тұрады. Жыл бойы 30 адамнан 8 лек оқытылады. Олар атқыш, санитар атқыш, биылдан бастап пулеметчик пен радиотелеграфист маманы атанады. Айта кетейік, әскери мектепке биыл қабылданғандар 390 мың теңге төлесе, келесі жылы ол баға 545 мыңға өседі екен. Тағы бір ерекшелігі, облыс бойынша жылына тұрмысы төмен отбасынан шыққан 50 бала тегін білім алады. Бұл да ата-аналар үшін үлкен көмек. Бұрын әр азамат туған жерінде оқытылса, биыл әркімнің өзі қалаған өңірінде білім алуына болады.
Мәселен, Талдықорғанда әскери қызметін атқарып жүргендердің бірі – астаналық Амангелді Молдахметов:
– Биылдан бастап әскери борышымызды қайда өтейтінімізді курсант өзі таңдай алады дегенді естігенде қуанып қалдық. Мен әсем табиғатымен көз тартатын, саф ауасы бар Талдықорған қаласын таңдадым. Мұнда курсанттарға бар жағдай жасалған, – дейді.
Оқу үлгерімі және спорттық жағынан да алдыңғы орында тұрған мекемеде жастардың әскерге қызығуы үшін түрлі шара атқарылуда.
– Біз сарбаздардың ата-аналарын, қаладағы оқушылар мен студенттерді әскери өмірмен таныстырып, батырларға арналған музейімізді аралатып, ұдайы әскери-патриоттық сабақ өткіземіз. Ал курсанттарды өңірдегі әскери бөлімшелерге апарып, ашық есік күнін ұйымдастырамыз, – дейді «ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебі» РМҚҚ Талдықорған филиалының бақылау-өткізу пункті директорының орынбасары Андрей Ворков.
Оқу мерзімі аяқталғаннан кейін арнайы комиссияға емтихан тапсырады. Одан кейін әскери ант қабылдайды. Бір айта кетерлігі, қырық күндік әскер мен бір жылдық әскердің бағдарламасы бірдей. Мұнда тек сарбаздар қырық күннің ішінде дайындалып шығады.
Айдар ҚАЛИЕВ





