Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Жаңа қазақ» мектебінде орын алған келеңсіз оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев мұғалімге күш көрсету дерегіне қатысты шұғыл пікір білдіріп, кінәлілерді қатаң жазалауды талап етті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Qazaqtoday.info сайтына сілтеме жасап.
Халық қалаулысының пайымдауынша, ұстазға жұдырық ала жүгіру – адамгершілік қағидаларына мүлдем қайшы әрекет әрі тәрбиесіздіктің ең сорақы көрінісі. Депутат соңғы уақытта қоғамда мұғалім мәртебесіне нұқсан келтіретін жағдайлардың жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Білім беретін жанға қол жұмсау ешқандай ақтауға сыймайтынын айтқан ол, мұндай оқиғалардың алдын алу үшін заңның барынша қатаң орындалуы қажеттігін жеткізді.
Дәулет Мұқаев ұстазға қол жұмсаған азаматтың заң аясында жауапкершілікке тартылуы басқаларға сабақ болуы тиіс деп есептейді. Депутат мектептегі қауіпсіздік мәселесі басты орында тұруы керектігін ескертіп, «Ұстазды қорғай алмаған қоғам ертең тәрбиелі ұрпақ күтемін демесін», – деп өз ойын түйіндеді. Аталған жағдай елімізде мұғалімдердің құқығы мен қауіпсіздігін қорғау тетіктерін одан әрі күшейту қажеттігін тағы бір мәрте айқындап берді.





