Елімізде алименттен жалтару үшін бауыр еті баласынан бас тартып жатқандардың саны артып келеді. Соның салдарынан асыраушысы жоқ жәудіркөз балалар зардап шегуде. Өз баласын тастаған «көкек әкелерге» қандай жаза бар? Алименттік міндеттемелердің өзіне тән белгілері қандай?
Ерлі-зайыптылар ажырасқанда кәмелеттік жасқа толмаған балалар болса, алимент төлеу мәселесі ерікті немесе мәжбүрлеп талап ету арқылы шешіледі. Ең алдымен алимент кімдерге төленетінін анықтап алайық. Заң бойынша алимент тек кәмелеттік жасқа толмаған балаларға ғана төленеді деген қате түсінік. Алимент мына санаттағы адамдарға төленеді: кәмелетке толған, бірақ еңбекке жарамсыз балалар, еңбекке жарамсыз ерлі-зайыптының бірі, жүкті зайыбы, І-ІІ топтағы мүгедек деп танылған балалар (18 жасқа дейін),18 жасқа толғанға дейін мүгедек балаға күтім жасайтын мұқтаж зайыбы, еңбекке жарамсыз ата-ана. Заң бойынша ай сайын төленетін алименттің мөлшері бар. Яғни, бір балаға – алимент төлеуші тараптың ай сайынғы табысының төрттен бірі, екі балаға – үштен бірі, ал үш немесе одан да көп балаға табысының жартысы берілуі керек. Ескере кететіні, сотта осы үлестердің мөлшері тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайына қарай азаюы немесе ұлғаюы мүмкін.
Жеке сот орындаушыларымен алимент төлемей қашып жүрген борышкерлерге Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу, мүлкін тәркілеп қана қоймай, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық Заңының 669-бабына сәйкес 10 АЕК көлемінде айыппұл салудан 5 тәулікке дейін қамауға алу және де қылмыстық жауапкершілікке тарту сынды шаралар қолданылады.
Дидар ТУКАНОВ,
Жетісу облысының жеке сот орындаушысы