Бүгінде ата-аналардың жиі көтеретін мәселесі — балаларының тілі кеш шығуы. Бұл құбылыс кейінгі жылдары жиі кездесіп қана қоймай, үлкен алаңдаушылық туғызып, ғаламдық проблемаға айнып үлгерді. Аталмыш мәселенің түп-тамыры қайда жатыр? Жаһандану дәуірінің жаңа ақпараттық ағыны бүлдіршіндердің сөйлеу дағдысына қалай әсер етуде? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Заманауи балалардың бос уақытының басым бөлігін смартфон мен планшет алды. YouTube-тағы шортс, TikTok-тағы қысқа әрі жылдам видеолар, түрлі анимациялар – олардың басты ермегі. Бірақ осының бәрі тіл дамуына кедергі келтіріп жатқанын көбіміз ескере бермейміз. Ақыр соңында арнайы маманға жүгініп, қыруар қаржы жұмсақ әлекке түсеміз. Баланы тыныштандыру үшін қолына телефон беріп қоятынымыз жасыр емес. Ең бастысы жұмыстан шаршап келгенде балалар маза алмаса болды. Керісінше, қанша шаршасаң да олармен бірге уақыт өткізіп, дамытатын ойындар ойнату керек. Есіңізде болса, интернет, смартфон жоқ кезде балалық шағымыз қалай өтті. Қуаласпақ, тығылмаш, асық ату, «Көксерек», «Тышқан мен мысық» ойындарымен уақыт өтетін. Ауылдағы балалар таңның атысы, кештің батысы далада жүретін, қала баллары да доп теуіп, ойын алаңдарын у-шуға толтыратын. Қазір баламызды үстің кір болады деп құм мен балшыққа жолатпаймыз. Керісінше олар жеткіншектің үсақ моторикасын дамытып, миын, жүйкесін жетілдіреді. Киімнің кірін жуып кетіресің, ал баланың балалық шағына жұққан кірді кетіру қиынға соғады.
Осы орайда логопед Мақпар Серікқызы бұл мәселеге ерекше назар аударады:
«Қазіргі балалардың тілі кеш шығуының негізгі себептерінің бірі — гаджетке тәуелділік. Бала сөйлесуге емес, көруге үйреніп жатыр. Оның миы ақпаратты қабылдайды, бірақ оны қайтаруға — яғни, сөйлеуге икемделмейді. Әсіресе 1-3 жас аралығында бала естіп, қайталап, жаттауы керек. Ал TikTok пен YouTube бұл процесті тежейді.», — деді.
Қарапайым тілмен айтқанда, бала экрандағы бейнені тамашалаумен ғана шектеледі. Қарым-қатынас жоқ, сұрақ-жауап форматы жоқ, ойлануға мүмкіндік аз. Бұл сөйлеу қабілетінің кеш дамуына алып келеді.
Тіл дамуы тек тыңдап-сөйлесумен ғана емес, моторикамен, яғни қозғалыспен де тығыз байланысты. Адамның сөйлеу жүйесі мен қимыл-қозғалысы — бір-бірімен байланысты процестер. Телефонға телмірген баланы байқасаңыз, саусағы мен кірпігі ғана қимылдайы. Бүкіл болмысы, қиылы телефонға сіңіп кеткен. Сол себепті, адам шошырлық аурулар туындап жатыр. Артық салмақ, көз көруінің төмендеуі сынды сырқаттың салдары осында жатыр.
Бала тәрбиесімен үйде отырған ата-ана Меруерт былай дейді:
«Біз бала кезімізде далада жүгіріп, ойнап, шыбықтан ат мініп өстік. Ал қазіргі балалар — экран алдында сағаттап отырады. Көзі шаршайды, денесі қозғалыссыз қалады, тілі де қимылдамайды.»
Қазіргі дәуірді альфа ұрпақтардың кезеңі деп алатын болсақ, өзімізге жүктелетін міндеттің көбейгені байқалады. Ата-анамен баланың қарым қатынасын былай қоғанда, басқа адамдармен араласуы, дос табуы тіпті, махаббат құрып, шаңырақ көтеруі қиындайды. Ең сорақысы — өмірдің қиындығына төзбей, суицидке бой алдыруы.
Дене қозғалысы тек денсаулыққа пайдалы емес, ол сөйлеу дағдысының дамуына да тікелей әсер етеді. Секіру, өрмелеу, жүгіріс — мұның бәрі баланың жүйке жүйесін белсендіріп, ми жұмысын күшейтеді. Ал қозғалыссыз отырған балада сөйлеуге қажетті нейрожүйелер де баяу дамиды.
TikTok, Reels, Shorts – бәрі 15 секундтан 1 минутқа дейінгі қысқа форматтағы бейнелер. Бұл – баланың зейінін үздіксіз «секіртіп» отыратын, миын шалдығуға әкелетін контент. Мұндай бейнелердің жылдам ауысуы — баланың бір нәрсеге шоғырлану қабілетін тежейді.
Ал тағы бір ата-ана Назым өз тәжірибесін былай сипаттады:
«Ұлым бір күні маған қарап: ‘Анашым, сен де рилс істейсің бе?’ – деді. Басында күлкім келді, кейін ойланып қалдым. Бала сөйлемейді, бірақ рилс көреді. Өмірді де, қоршаған ортаны да солай қабылдаған. Бірден телефон көруін азайтып, ұлыммен уақыт өткізе бастадым. Далаға, саябаққа алып барып, дене қиылдарына арналған ойын ойнаттым», -дейді.
Сонымен қатар, атыс-шабыс, қиял-ғажайып ойындардың, әсіресе агрессияға толы виртуалды әлемдердің балалар психикасына кері әсер ететіні дәлелденген. Олар сөйлеуді емес, көру мен әрекетке еліктеуді үйретеді. Ал тіл – ең алдымен қарым-қатынас құралы. Осындай атыс-шабыс, қан-жоса ойындардың әсеріннен туған анасын да өлтірген жағдайлар қоғамда кезедесіп жатыр. Аурудың алдын қазір алмасақ, кейін бәрі кеш болады.
Баланы сөйлеуге үйрету — жүйелі еңбекті талап етеді. Мамандар мынадай кеңестер береді:
- Гаджет қолдану уақытын шектеу: 2 жасқа дейін мүлде бермеу ұсынылады. 3 жастан кейін де күніне 30 минуттан аспауы тиіс.
- Тірі қарым-қатынас жасау: ата-ана мен бала арасында жиі диалог жүргізу, ертегі оқу, сұрақ қою.
- Қимыл-қозғалысқа баулу: таза ауада серуендеу, қозғалмалы ойындар ұйымдастыру.
- Логопед маманға ерте жүгіну: 2,5-3 жасқа дейін балада 50-ден астам сөз болмаса, маман көмегі қажет.
Логопед Мақпар Серікқызы:
«Баланың тілі — оның ішкі әлемінің көрінісі. Біз сол әлемге есік ашу үшін дұрыс тәсілдер қолдануымыз керек. Экран емес, адам баласы тіл үйретеді», — дейді.
Балалардың тілінің кеш шығуы – кездейсоқ құбылыс емес. Бұл — жаңа технологиялар дәуіріндегі өмір салтының көрінісі. Сондықтан, баланың табиғи даму заңдылығын бұзбай, оларға жылы сөз бен тірі қарым-қатынасты көбірек сыйлайық. Бұл — келешек ұрпақтың ақылды, саналы болып өсуіне қосқан үлесіміз болмақ.
Мәулен Әнербай