«Жетісу Медиа» ақпараттық алаңында өткен брифингте Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев балаларға арналған үйірмелер мен секцияларды жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша туындап отырған мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі баяндады.
— Бұл бағдарламаны толықтай тоқтатқан жоқпыз. Бірақ, қазіргі таңда қаржыландыруға қаражат болмай тұр. Оған себеп, биылғы жылы үйірмеге қатысушы балалардың санының күрт артуы. Соған орай қомақты қаржы қажет. Ал, жергілікті бюджет үшін бұл үлкен шығын. Өйткені, одан басқа да маңызды мәселелер бар. Жыл сайын қаншама мектеп, балабақша, жол саламыз. Бүкіл қаражатты бір салаға бөле алмаймыз ғой. Осы ақпан айының өзіне үйірмелер жұмысы үшін берешек қарызымыз 1,5 млрд.теңгені құрайды. Бұл біздің облысымызға ғана емес, басқа өңірлерге де тән мәселе. Осыған орай күні кеше Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен онлайн режимде жиын өтті. Оған барлық өңірлер қатысты. Наурыздың 10-ына дейін барлық жағдайды сараптап, Президент Әкімшілігіне есеп береміз. Ол Мемлекет басшылығына жеткізілетін болады. Сонда қабылданған шешімнің жауабын күтеміз. Алда өтетін мәслихат сессиясында да бұл мәселе қаралады. Өйткені, қысқа мерзімде шешімін табуымыз керек, – деді Арслан Момышұлы.
Баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев сөз алып, аталмыш бағдарлама бойынша өткен жылы 48516 бала үйірмемен қамтылса, биыл 57600-ге жетіп отырғанын жеткізді. Қаңтар айының өзінде ғана 9 мың бала тіркелген.
— Шындығын айтқанда, бұл үлкен күдік тудырады. Үйірмеге қатысатын балалар саны күннен-күнге артып барады. Әр бала екі үйірмеге қатыса алады. Бір үйірмеге 8000-12000 теңге аралығында қаржы төленеді. Бұл үйірме ашқан кәсіпкерлер үшін тиімді болғанымен мемлекетке үлкен шығын. Сондықтан да бағдарламаның осы бір тұсын қайта қарау керек. Біз кәсіпкерлерді тексере алмаймыз. Олар баланы ЖСН арқылы электрондық базаға тіркейді. Құжат жүзінде бәрі дұрыс болғандықтан біз қаржысын аударамыз. Ал, шындығында осыншама бала үйірмемен қамтылып жатыр ма, ол жағын білмейміз. Сондықтан да дабыл қағып, бұл мәселенің анық-қанығына жетуді жөн көріп отырмыз. Өйткені, мұны өзінің бас пайдасына икемдеп отырған кәсіпкерлер бар, – деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, балаларды үйірмемен қамту үшін былтыр 1 млрд.540 млн.теңге бөлініп, толық игерілген. Биылға 115235 ваучер берілген. Бұл үшін 2 млрд.400 млн. теңге қаражат қарастырылып, қаңтар айына толық төленген. Бірақ, ақпан айына төлеуге қаражат жетпейді. Сондықтан министрлікке хат жазып, келісімімен 14 ақпаннан бастап ваучер беру тоқтатылған. Үйірме жұмысын жүзеге асырып отырған 260 жеке кәсіпкер бар. Оларға 1 наурыздан бастап қаржыландырудың тоқтатылатындығы туралы ескерту жасалған. Қаражат мәселесі шешілген жағдайда ары қарай да қаржыландыру жалғасады. Бірақ осы жылдың өзіне 14,5 млрд.теңге қажет.
Брифингте облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев жан басына шаққанда қаржыландыру бойынша облысымыздың спорт саласында 159 жеке кәсіпкер 40 мыңға жуық жасөспірімді 20 спорт түрімен қамтамасыз етіп отырғанын мәлімдеді. Бұл мақсатқа биыл 2 млрд.теңге бөлінген. Ол 16 мың балаға жылдың аяғына дейін жетеді деп жоспарланған. Наурыз айына 41 мың балаға сұраныс келіп түскен. Бөлінген қаражат 4 айға ғана жетеді. Басқарма тарапынан бұл жұмысты тоқтатпай ары қарай жалғастыру жолы қарастырылуда.
Жиын соңында журналистер сұрақтарына жауап берген спикерлер кәсіпкерлерді шығынға ұшыратпайтындай, еліміздің болашағы балаларымызды қосымша біліммен қамтып, мемлекетімізге де шығын келтірмейтіндей бағдарламаның тиімді жақтары қарастырылып, мемлекеттік деңгейде шешімін табатынына сенімділік білдірді.
Алма ЕСЕНБАЙ
Алматы облысы





