Нансаңыз, бүгін – Нан күні. Бірақ көптің оны елеуі былай тұрсын, біліп жүргені де шамалы емес пе. Атам қазақтың «ас атасы — нан» деген тәпсірін жалпақ жұрт бір кісідей ұқса да, осы арқаудың арқасында таңнан кешке дамылсыз ұшып жүрсе де оның қадірін жете бағалап жүрген жоқ па дейміз. Бір түйір дәнге бір тағдыр оққа байланып кететін кешегі күн санадан қалай өшсін?! Шашының арасынан дән теріп шиеттейдің өзегін жалғаған Ана да ит тепкінің құрбаны болып кетпеді ме кеше?!
Жыбырлағанды кім біліпті, аштықта «қайың сауып» «қайыс жепті» деген сыйпаттағы сөздерді де естуей естіп өстік. Сондағы зар мен мұң, азап пен мазақ қу құлқынның – өмір сүрудің өтеуі үшін екені тағы аян. «Баласын жепті» деген ауыр сөзді тарқатуға, мизамдауға ми талшығы да шыдамастай көрінеді бізге. Бұл – ұлт қасіретінің ескерткіші жадымыздағы. Кесек те ауыр тақырып.
«Мереке» екенін ұмытып барамыз тағы. Бүгін – Нан күні дейді. Кім бекіткенін, кімнің қауашағына қандайлық сәуле түскенін білмейміз, білеріміз – қаптаған жалаулы датадан қайткенде де бәсі биік болуы тиіс мерейлі күн-ақ. Соны жұрт болып түсіне алсақ…
Тұздық: Биыл отандық диқаншылар 25 млн тоннадан астам астық бастырыпты. Аз ба, көп пе, ол үкіметтің есебіне ғана аян. Ал сіз бен бізге сол астықтың өз топырағымызда өніп, өз кеңірдегімізден түгел өтуінен басқа үлкен мақтаныш табылмай тұр әзірге. Біздің қысқа қайырымда айтпағымыз да сізге әбден түсінікті деп ойлаймыз.
Қозыбай ҚҰРМАН
Фото: freepik





