Finprom.kz сайты жыл басында жұмыссыз жастардың статистикасын жариялады. Көш басында Нұр-Сұлтан (4,6 пайыз), Алматы (5,4 пайыз) қалаларымен Қарағанды (4,3 пайыз) облысы тұр. Біздің аймақтың көрсеткіші – 3,4 пайыз. Бұл басқалармен салыстырған да көп те, аз да емес.
Аталған сайттағы көрсеткіш бойынша 15-28 жас аралығындағы жұмыссыздар саны кейінгі сегіз жылмен салыстырғанда биыл төмендеген (2022 жылдың бірінші тоқсанындағы есеп). Алайда қаладағы жастар арасындағы жұмыссыздық ауылдағы көрсеткішпен (3,2 пайыз) салыстырғанда жоғары – 4,1 пайыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» Үндеуінде жастардың жұмыссыздығын басты назарға алды. Өз сөзінде Президент «Жұмыссыздықты, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орындарын, колледждерді бітірушілер, әсіресе арнаулы білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрқашан бола бермейді» деп баса айтқан еді. «Қаңтар оқиғасынан» кейін Үкімет отырысында қаралған елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-шаралар жоспарын қабылдады. Сонда жастар арасындағы жұмыссыздық туралы да айтылды. Мәселен, «Жастар іс-тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларының шарттары жеңілдетіліп, жалақысы өсті. Президент те осы жобалардың мерізімін ұзартуды тапсырған еді. «Жастар іс-тәжірибесі» жобасы бойынша 6 айға дейін, жалақысы 25 АЕК, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 24 айға жұмысқа орналасады. Ал алғашқы жылы жұмыспен қамту орталығы 20 АЕК мөлшерінде еңбекақыны субсидиялайды.
– Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше назар аудару керек. Әсіресе, NEET санатындағы жастардың көбі кездейсоқ табыстың арқасында өмір сүреді. Осы ретте 700 мың жұмыс орнын ашу іс жүзінде орындалуы керек. Бұл бір. Екіншіден, жастарға арналған бағдарламалар, олардың тек 3 пайызын қамтитындығын және бұл құжаттардың түпкілікті нәтижелері бюджет қаражатын игеруге көбірек бағытталғаны анықталуда. Оған қоса, жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді, – деген еді ақпанның соңындағы Мәжіліс отырысында Елнұр Бейсенбаев. Ұлттық статистика бюросының 2021 жылға қорытындысы бойынша еліміздегі жалпы жұмыссыздардың (449,6 мың) ішіндегі NEET жастарының (15-28 жас аралығы) үлесі – 73,29 мың адам.
Рас, көп жас аталған бағдарламалар турасында білмейді және оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу барысында уақыт жоғалтып алады. Кей мекеме жастығына қарамастан міндетті түрде жұмыс өтілін сұрайды. Ал арнайы қызмет көрсету орталығы ұсынған жұмыстың айлығы кез келген жасты қанағаттандырмайтындығы да анық. Бүгінде жастардың жұмыссыздығын жою мақсатында көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. Соның нәтижесі болса керек, пайыздық өлшеммен алып қарағанда жұмыссыз жастардың саны жыл санап аз да болсын түсіп келеді.
– Жұмыссыздық туралы айтылған кезде алдымен жастардың неге жұмыс жасауға құлқы жоқ екенін де ескеру керек. Бұл адамдағы күйзелістің әсерінен болады. Себебі күйзеліс кезінде адамға ештеңе қызық болмайды. Гарвардтың дипломы болса да, жұмысқа орналаспаса, онда армандары туралы қайтадан ойланған жөн. Ересек өмірде бала күндегі арманның орындалуы нағыз бақытқа әкеледі, жан рахатын сыйлайды,– дейді түйді психолог Эльвира Қасым.
Бүгінде жұмыссыз жастардың қызметке орналасуы үшін көптеген мүмкіндіктер қарастырылған, тек өзіңе не керек, қай жұмысты дөңгелетіп кете аласың, соған қарай әрект ету керек. Қарекет түбі – берекет.
Серік ҚАНТАЙ
Сурет ғаламтордан алынды





