Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Отбасының цифрлық картасы» жобасы іске қосылғаны белгілі. Цифрлық картада отбасының экономикалық, әлеуметтік және тұрғын үй, денсаулық, білім жағдайы тізімделеді. Мұнда отбасыларды 5 санатқа бөледі: А – жақсы, В – қанағаттанарлық, С – қанағаттанарлықсыз, D – дағдарыс, Е – шұғыл жәрдем көрсетуді қажет етеді.
Жобаны іске асыру облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мойнына жүктелді. Отбасыларды картаға енгізу олардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрі, яғни бала туу, бала күтімі, мүгедек бала күтімі, жұмыссыздық, асыраушысынан айырылу, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, «Күміс алқа», «Алтын алқамен» марапатталған көп балалы отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы, әлеуметтік қызметтерді алуға жағдай туады. Бұл орайда ақпарат тарату көздері қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, отбасының цифрлық картасы арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау айқындалып, алгоритм қалыптастырады. Алгоритмде отбасы мүшелерінің мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстарындағы кірістер туралы мәліметтері, оның ішінде мемлекеттік қолдаудың жылжымайтын мүлік түріндегі активтері, тұрғылықты жері бойынша тіркеу, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру туралы мәліметтері тіркеледі. Облыстық және аудандық деңгейде «Отбасының цифрлық картасы» жобасына енгізілген азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқатын анықтау үшін штаб құрылып, жұмыстар жүргізілуде.
Биылдан бастап Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О. Бектеновтың тапсырмасы бойынша «Өңірлер рейтингі» енгізілді. Әрбір отбасының әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін айқындау жұмыстары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бекіткен «Отбасының әлеуметтік саламаттылығын айқындау әдістемесіне» сәйкес атқарылады. Бұл орайда, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтан облыста атқарылып жатқан жұмыс жайлы сұраған едік. «Облыс бойынша «Отбасының цифрлық картасы» жүйесінде 220,7 мың отбасына топтастырылған 712,4 мың адамның дерегі бар. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде D, E санатына жататын отбасылардың саны 95 621. Бұл отбасылардың жалпы санының 45,1% құрайды», – деді ол.
Ермек Әрінханұлының айтуынша, «Отбасының цифрлық картасы» жобасы іске қосылған кезден бастап аудан, қала әкімдіктерімен жоғарыда аталған санаттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Биылғы тамыз айындағы жағдай бойынша D, E санатына жататын отбасылардың саны 56 242-ге дейін азайғандығын айтты. Әр отбасының картасы жауапты мамандардың қадағалауында. Көмекке зәру отбасыларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалмақшы.
Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ