Береке ауылдық Мәдениет үйінде Алматы облысының құрылғанына 90 жыл толуына орай «Жер жаннаты – Жетісу» атты әдістемелік-тәжірибелік конференция өтті. Алқалы жиынға ауданның зиялы қауым өкілдері, ауылдық округтердің әкімдері, Мәдениет үйі мен филиалдарының қызметкерлері, Ардагерлер ұйымы мен Аналар кеңесінің мүшелері және белсенді жастар қатысты.
Конференцияға келген жұртшылық алдымен Мәдениет үйінің залына қойылған көрмені тамашалады. Бұл жерде «Туған жердің ақындары – жыр-кенім» тақырыбымен облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген кітаптар, «Балалар жылына» байланысты әлі әріп тани қоймаған бүлдіршіндерге арналған 3D электронды кітаптары қойылған. Қазақтың ертегілері, бесік жырлары, билер сөзі, домбыра мен қобызда ойналатын күйлерді кішкене балалар арнайы қаламұшты мәтінге жақындату арқылы тыңдай алады. ІТ технологияны пайдалана отырып жасалған жаңа форматтағы мұндай дүниелер ұрпақ тәрбиесіне елеулі ықпал ететініне сенім мол.
Конференцияны ашып, жүргізіп отырған аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова алқалы жиынның мәні мен мазмұнына тоқталып өткеннен кейін Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Мақатов жиналған қауымды мерекелік шарамен құттықтады. Содан кейін «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Алпамыс Әбу сөз алды. «Тарихы терең, жаңарған Жетісу» тақырыбында алғашқы баяндама жасаған Алпамыс Жалғасұлы көнедегі ғұн, сақ дәуірінен бері тартып, кешегі қағанаттар, оның заңды мұрагері саналатын қазақ халқының өткені мен бүгініне шолу жасап, жаңа Қазақстанды құруда жасалып жатқан жұмыстар жайында мәлімет берді.
Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің директоры Шарбану Қалиеваның «Мәдениет – ұлттың айнасы» тақырыбында жасаған баяндамасы еліміздің бүгінгі күнгі мәдениет жетістіктерінен сыр шертсе, «Батыр бабалар» мемориалды музейінің ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының магистрі Қыдыр Нұрғожаның «Қазақ халқының елдігін сақтаудағы батыр бабалардың рөлі» жөніндегі терең әрі жан-жақты баяндамасы тыңдаушыларды бейжай қалдырмады.
Конференция тақырыбы жер жаннаты Жетісуға арналып отырғаннан кейін өзендер өрнектеген өлкенің аруларын айтпай кетпеске болмайды. Осы орайда «Жетісудың жеті қызы» атты баяндама жасаған «Анаға құрмет» музейінің меңгерушісі Аршагүл Тойбаева жетісулық Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева, суретші Гүлфайруз Ысмаилова, жазушы Сәуле Досжан, спортшы Назым Қызайбай, ғалым әрі қоғам қайраткері Бақыт Шпекбаева және өзге де ел мақтанышына айналған қыздарымызға кең көлемде тоқталып өтті. Ал, Қарасай аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының директоры Қуаныш Ахметжанов өлкеміздің спортта елеулі жетістіктерге жеткен ұландары жайлы баяндады.
«Кітапхана ісінің шебері» төсбелгісінің иегері, Береке ауылдық кітапханасының меңгерушісі Жәмилә Қарқынбаева «Жақұт мекен жер жаннаты Жетісуым» тақырыбындағы баяндамасында өлкеміздің әсем жерлері, табиғаттың тамаша құбылыстарымен қоса кітапхана саласында атқарылып жатқан ілкімді істер жайын таныстырды. Ал Жастар ресурстық орталығының белсендісі, ағылшын тілінің маманы Гүлнара Тұрсынханова болса, еліміздің болашағы – жастардың атқарып жатқан жұмыстары мен алда тұрған міндеттері турасында өз ойын ортаға салды.
Мінберге көтерілгендердің терең мазмұндағы баяндамалары шараға келгендерді бейжай қалдырмағаны аңғарылып тұрды. Соңынан сөз алғандардың осындай конференцияларды мектептерде өткізсе деген ұсынысы осының айғағы болса керек. Алқалы жиында оқылған баяндамалар жақын күндері кітап болып басылып шығатыны да қуанарлық жағдай.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы





