Президент бұл Жолдауында жуық арада жүзеге асырылуға тиісті саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шараларды ұсынды.
Жолдаудағы мәслихат қызметіндегі маңызды өзгерістердің бірі – мәслихат хатшысы лауазымынан төраға болып өзгеруі, бұл өз кезегінде өңірлердегі өкілді органның рөлін күшейтіп, жергілікті өзін-өзі басқару институтының жаңа леп алғандығының жарқын белгісі.
Депутаттардың сайлауалды бағдарламасы орындалмаған жағдайда депутаттық мандаттан шығару, депутаттар сайлауының 70/30 қағидасы, әкімдерді сайлау бойынша мәслихат шешімдерінің рөлін арттыру – бұл мәслихаттарға үлкен жауапкершілік жүгін арттырады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының жарқын белгісі ретінде Президент бірқатар жаңа облыстар, оның ішінде, Жезқазған, Ұлытау, Абай облыстарын құрып, Алматы агломерациясындағы мәселеге байланысты Алматы және Жетісу облысы деп екіге бөлу қажеттінін жеткізді. Бұл шешім тұралап қалған өңірлерді қайта жаңғыртуға және әлеуметтік-экономикалық дамуға оң серпін бермек. Осы арқылы жаңа жұмыс орындары құрылып, өнеркәсіп саласының өркендеуі секілді экономикадағы маңызды салалардың қарқын алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ұлыларымызды ұлықтау ұрпақтар ісі екенін жас ұрпақтың есіне сала отырып, Қапшағайдың негізін қалаған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін қалаға беру ісін игілікті бастама деп баға берсе болады.
Қазіргі таңдағы біздің міндетіміз – осы бастамаларды іске асыруда білек сыбана кірісу. «Көп түкірсе – көл» демекші, Президентіміздің айналасында біз топтасып, ел мүддесіне арналған жұмыстардың нәтижесін көрсетуіміз қажет.
Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,
Алматы облыстық мәслихатының хатшысы





