Белгілі қазақстандық аралас жекпе-жек (ММА) шебері Арман Әшімов әлемдегі ең ірі промоушендердің бірі – UFC-ге ауысуының не себепті созылып кеткенін айтты. Спортшы 2022 жылы жоспарланған дебют оның кінәсінен емес, сыртқы факторларға байланысты жүзеге аспай қалғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Арман Әшімов Birinshibol басылымына берген сұхбатында сол кезеңдегі қиындықтарды былай деп түсіндірді:
«Ол кезде UFC-ге бару мәселесі, біріншіден, карантинге байланысты болды, ал екіншіден, маған виза бермеді. Осы себептерге байланысты жоспар іске аспай қалды. Құдайдың қалауымен қазір виза алдық. Жақын арада шетелге барып, жаттығу жиындарын өткізуді және сол жақта бір жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырмыз».
Сондай-ақ спортшы октагоннан ұзақ уақыт көрінбеуінің себебін де ашып айтты. Арман спортты мүлдем тастау туралы ойлар болғанымен, спортқа деген сағыныш пен құштарлық оны қайта оралуға мәжбүр еткенін жеткізді. Файтердің пікірінше, спорт – адамды өзіне тартып тұратын ерекше әлем. Ол өз сезімімен бөлісе отырып:
«Шынында да сағындым. Қанша жыл өнер көрсетпедім, оған дейін жаттығулар да аса көп болған жоқ. Жекпе-жекке шықпағаныма екі жылдан асты», – деді.
Өткен демалыс күндері Алматыда өткен IBA Nomad 14 турнирінде ол октагонға сәтті оралып, қарсыласын бірінші раундтың 1-05 минутында нокаутпен жеңді. Жекпе-жектің тез аяқталғанына қарамастан, Арман октагонның тынысын толық сезініп үлгергенін айтты. Бұл оның екі жылдан астам уақытқа созылған үзілістен кейінгі алғашқы жарқын жеңісі болды.
Бұған дейінгі соңғы жекпе-жегі 2024 жылғы 23 наурызда Rizin FF лигасында өткен болатын, онда ол жапониялық Юсаку Накамурадан төрешілер шешімімен жеңілген еді. Қазіргі уақытта спортшының физикалық дайындығы жоғары деңгейде және ол халықаралық аренада ел намысын қорғауды жалғастыруға ниетті. Арман Әшімовтің UFC бағытындағы жоспарлары қайта жанданып, жанкүйерлер оның әлемдік деңгейдегі өнерін асыға күтуде.





