Цифрлық технологияның , әсіресе жасанды интеллектінің (ЖИ) дамуы – XXI ғасырдың басты феномендерінің бірі. Бұл өзгерістер медиа саласына да айтарлықтай әсер етті. Бүгінде журналистика ЖИ-дің қатысуымен мазмұн өндірісін жеделдетіп, ақпаратты өңдеу үдерісін автоматтандыруға мүмкіндік алды. Алайда, бұл жетістіктермен бірге белгілі бір қауіптер де қатар жүреді. Осы орайда «Жасанды интеллект – журналистиканың болашағына қауіп пе, әлде мүмкіндік пе?» деген маңызды сұрақ туындайды.
ЖИ-дің медиа саласына қосқан ең үлкен үлесінің бірі – мазмұн өндірудегі жылдамдық. ChatGPT, Claude, Gemini, Perplexity сынды тілдік модельдер жаңалық мәтінін санаулы секундтарда жасап шығара алады. Бұл журналистердің уақытын үнемдеп, шұғыл жаңалықтарды тарату жылдамдығын арттырады. Әсіресе breaking news, шетел жаңалықтарын аудару, инфографика жасау және деректерді талдау сияқты техникалық міндеттерді автоматтандыруда ЖИ таптырмас көмекшіге айналды. Белгілі IT сарапшы Тимур Бектұр:
– ЖИ журналистикада ақпарат жинау мен талдау үдерісін жылдамдатады, жаңалықтар жазуды автоматтандырады. Бірақ ол адамның шығармашылық қабілетін алмастыра алмайды. Сонымен қатар жалған ақпарат тарату қаупі де арта түседі. Жалған ақпарат қайдан шығады? Ол журналист жасанды интеллект құралына көзсіз сеніп, тұп-тура көшіріп алып жариялаудан шығады. Алайда этикалық тұрғыдан, заңды һәм сауатты тұрғыдан әдеп сақтай отырып қолданса, күнбе-күнгі жұмыстарды тапсыруға болады. Айталық, семантикалық талдау жасау немесе жаңалықтарға классификация жасау деген сияқты. Бұл – шексіз тақырып. Бастысы, жасанды интеллектіні жатырқамай, қолдана бастау қажет, деген пікір білдірген болатын.
Сонымен қатар, ЖИ-дің тағы бір артықшылығы – әртүрлі аудиторияға бейімделген ақпарат тарата алуы. Бір оқиғаны балаларға, жасөспірімдерге, мемлекеттік қызметкерлерге немесе ғылым саласына арнап түрлі стильде жеткізуге болады. Бұл коммуникациялық көпірдің тиімділігін арттырып, контенттің қабылдануын жеңілдетеді. Дерек журналистика саласында да ЖИ-дің ықпалы күшейіп келеді. Күрделі деректер жиынтығын визуалдау, трендтерді анықтау, корреляция жасау сияқты процестер автоматтандырылып, терең сараптамалық материалдар жасау жеңілдеді. Бұл редакцияларға жаңа тақырыптарды зерттеуге және аудиторияны кеңейтуге жол ашты. Осыған қатысты, «Жетісу» радиосының редакторы Темірлан Айтбаев мынадай пікір білдірді:
ЖИ-дің біздің іздену мақсатында, материалдарды әзірлеу барысында оң әсерін, яғни пайдасын көріп жатырмыз. Радиода кейбір мәтіндерді ЖИ арқылы ықшамдап, тыңдарманға икемдеу, оны әлеуметтік желі талабына сай безендіру, әрлеу бағытында қолданамыз. Барлық әлеуметтік желілерге материалдарды дайындауда Chat GPT көмекке келеді. Ерекше айтқым келетіні, уақытты үнемдеуде таптырмас құрал деп айтар едім.
Оған, қоса мультимедиалық контент өндіруде де ЖИ тың мүмкіндіктер ұсынып отыр. Генеративті жүйелер арқылы сурет, видео, аудио жасау медиа саласын жаңа креатив пен инновация деңгейіне шығарды. Енді бір материалды бірнеше форматта ұсыну арқылы ақпаратты қабылдаудың әртүрлі жолдары қолжетімді бола түсті.
«Жетісу Медиа» ШЖҚ МКК басшысы Шыңғыс Бозымның айтуынша, жасанды интеллект (ЖИ) – медиасаланы түрлендіріп, жаңа контент жасауға мүмкіндік беретін заманауи құрал. Ол тек ғылымда ғана емес, ақпараттық, шығармашылық, тіпті бизнес процестерінде де кеңінен қолданылып жатыр.
– Мақала, кітап жазу, фото мен бейнені генерациялау, дауысты синтездеу, музыка жасау немесе визуалды контентті 3D форматында цифрландыру – мұның бәрін ЖИ арқылы оңай жүзеге асыруға болады. Бірақ бұл мүмкіндікті толық пайдалану үшін мамандардың технологияны жетік меңгеруі маңызды, – дейді ол.
Иә, ЖИ-дің мүмкіндіктері мен пайдасы өте көп. Алайда, бұл технологияны тиімді әрі қауіпсіз қолдану – бүгінгі күннің басты талабы. Жасанды интеллекттің шексіз әлеуеті бар болғанымен, оны реттеу, адам еңбегін толық алмастырмау, этикалық және құқықтық шеңберде пайдалану секілді мәселелер күн тәртібінен түспеуі керек.
Жасанды интеллекттің шындық пен жалғанды ажырата алмауы – журналистиканың ең басты қағидаларының біріне, яғни шынайылық пен сенімділікке қауіп төндіреді. Егер ЖИ тексерілместен қолданылса, жалған ақпарат таралу қаупі артады. Сондай-ақ автоматтандырудың күшеюі жас мамандар үшін жұмыссыздық тәуекелін тудыруы мүмкін. Кейбір редакциялар мәтінді автоматты түрде жазатын жүйелерге сүйене отырып, адам факторын екінші орынға ысырып жатыр. Бұл журналистиканың адами ерекшеліктерінен ажырауына алып келуі мүмкін.
Қалай десек те, ЖИ журналистің орнын толық баса алмайды. Ол тек көмекші құрал бола алады. Кәсіби, білімді журналистің жазған ақпараты, оның ойды жеткізу шеберлігі мен сөз саптауы ешбір жасанды интеллект жүйесінің қолынан келе бермейді. Себебі, ЖИ арқылы жасалған материалдарда белгілі бір біркелкілік пен стильсіздік байқалып тұрады. Әр журналистің өзіндік сөз саптауы, ақпаратты жеткізу мәнері және дара стилі болады. Бұл – адамдық фактордың, кәсіби тәжірибенің және шығармашылықтың нәтижесі. ЖИ деректерді өңдеуде, ақпаратты жинақтауда және алғашқы нұсқаларды дайындауда тиімді болғанымен, мақалаға терең талдау, эмоционалдық реңк және өзіндік көзқарас қосуда нағыз журналистің алдын орап кете алмайды.
ЖИ-ға қатысты тағы бір өзекті мәселе – этика мен құқықтық жауапкершілік. Бүгінде ЖИ арқылы жасалған мәтіннің нақты авторы кім? Авторлық құқықты кім иеленеді? Ал алынған дербес мәліметтердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Мұндай сұрақтар халықаралық деңгейде де, Қазақстанда да нақты жауапты қажет етеді.
– Бізде жасанды интеллектіге қатысты ешқандай құжат жоқ. Оны қалай пайдаланамыз, авторлық құқық кімдікі болады деген сияқты. Осыған байланысты бір заң қабылдау керек шығар. Ал қазір заң жоқ кезде журналистердің өзінің редакциялық саясаты болу керек. Сол редакциялық саясатында жасанды интеллектіні қалай қолданамыз деген арнайы баптар енгізу қажет деген мәселені біз күн тәртібіне шығарып отырмыз, дейді «Мінбер» ақпарат агенттігінің бас редакторы Есенгүл Кәпқызы.
Қазақстанда бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп «AI Qyzmet» атты жобаны іске қосты. Бұл бағдарлама мемлекеттік қызметкерлерге ЖИ құралдарын тиімді қолдануды үйретуге бағытталған. Мұнда презентация жасау, шешім қабылдау, жоспарлау, автоматтандыру секілді дағдылар қамтылған.
2024 жылы мемлекеттік секторда ЖИ қолдану бойынша нұсқаулық қабылданды. Онда ChatGPT секілді жүйелерге тыйым салынбайды, бірақ деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығы басты назарда болу керек екені атап көрсетілген. Сонымен қатар 2025 жылғы мамырдан бастап OpenAI компаниясы Қазақстанда шартты түрде ҚҚС төлеуші ретінде тіркеліп, заңды негізде жұмысын жалғастыруда.
Ұлттық деңгейде де ЖИ саласын дамыту мақсатында маңызды бастамалар қолға алынуда. Қазақ және орыс тілдеріне бейімделген аудармашы, заңнамалық көмекші, деректер талдаушы жүйелер әзірленіп жатыр. 8 университет пен зерттеу институттарынан құралған консорциум қазақ тіліне бейімделген дербес тіл үлгісін жасаумен айналысуда.
Білім беру мен кадр саясаты да бұл салада артта қалмауы тиіс. АҚШ-та білім алып жатқан Айбол Кемельдиновтің айтуынша, ЖИ ұстазды толық алмастырмаса да, оқыту процесін жеңілдететін құрал бола алады. Алайда оған толықтай сену — білім сапасына зиян келтіруі мүмкін.
Қазіргі таңда жасанды интеллект білім беру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды. Біздің гуманитарлық факультетте де ЖИ құралдары кеңінен қолданылуда. Әсіресе, болашақ мамандарды дайындау барысында студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытып, білім беру сапасын арттыруға үлкен септігін тигізіп жатыр. ЖИ оқу процесін жеңілдетіп, ақпаратты талдау, мәтіндерді өңдеу, презентациялар әзірлеу сияқты жұмыстарды жылдам әрі тиімді орындауға мүмкіндік береді. Біз өз жұмысымызда да ЖИ көмегіне жиі жүгінеміз. Уақытты үнемдеуге, оқу материалдарын жүйелеуге және заманауи әдістермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жалпы, өз басым жасанды интеллект – сапалы білім берудің заманауи құралы деп ойлаймын. Дегенмен, оны дұрыс әрі этикалық тұрғыда қолдану керек, дейді, – Жетісу университеті Гуманитарлық факультет деканының орынбасары Айдана Серікболқызы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл саладағы кадр тапшылығына назар аударып, жаңа цифрлық технологияны меңгерген мамандарды даярлау қажеттігін алға тартты. Бұл — болашақта Қазақстанның ЖИ саласында өз орнын алуы үшін маңызды қадам.
Қауіпсіздік те басты назарда болуы тиіс. Премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық трансформация кезінде ЖИ шешімдерінің проактивті әрекет етуге қабілетті екенін атап өтті. Ол ЖИ-ді тиімді әрі қауіпсіз қолдану үшін мынадай бағыттарды ұсынды: мемлекеттік қызметкерлерді оқыту, қарапайым халыққа ЖИ құралдарын түсіндіру, дерекқорларды ортақ форматқа келтіру, өндірістегі ЖИ жобаларды қолдау және заңнамалық негізді жетілдіру.
Қорытындылай келе, жасанды интеллект журналистикаға да, жалпы қоғамға да қауіп те, мүмкіндік те алып келеді. Ол қандай рөлде болатыны – біздің оны қалай қолданатынымызға байланысты. Егер оны тиімді қолдансақ, ЖИ журналистерді техникалық міндеттерден босатып, шығармашылық пен терең зерттеуге көбірек уақыт қалдырады. Ал егер жауапсыз пайдалансақ, сенімділік, бейтараптық, адам факторы сынды журналистиканың негіздеріне селкеу түсуі мүмкін. Болашақ — этика мен технологияның тепе-теңдігін сақтауымызға тәуелді.
Мақпал Әділханқызы