Талдықорған: +11°C
$ 510.84
€ 579.70
₽ 6.39
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР АРДЫҢ ІСІ

Жұлдызы жанған жыр-қаған

02.02.2025
АРДЫҢ ІСІ
Жұлдызы жанған жыр-қаған

Шіркін, зымырап өтіп жатқан қайран уақыт-ай! Жылдар мен жылдар алмасып, жалғасын тауып жатады емес пе?! «Өткен күнге өкпе жоқ» дейді. Бірақ оның өкінішін қайтып қайырасың? Соның бірі қазақтың тарланбоз талантты ақыны Жұматай Жақыпбаев еді. Бүгінде тірі болғанда сексеннің сеңгіріне шығып, халықпен бірге тойлап жатар едік. Амал қанша? Алланың маңдайына жазғанын ғана жасап, 45 жылда артына өшпейтіндей мол мұра, өзіндік қолтаңба қалдырды.

 

Жұмекеңнің әкесі – Сағади, анасы – Сара. Сағади ағамыз ақ- жарқын адам еді. Бұрынғы Алматы облысы, Талдықорған ауданы (қазіргі Жетісу облысы, Ескелді ауданының) Жетісу ауылының сол кездегі ауылдық кеңесінің төр-ағасы болып қызмет атқарған. Көзі ашық, көңілі ояу, өте қалжыңбас кісі еді. Қолынан домбырасы түспейтін, керек кезде ән салып, жанынан өлең құрастырып шырқап та жіберетін. Қазақтың айтыскер ақыны, жыршысы Темірғали Рүстембековпен жақын араласқан. Той-томалақтан қалмайтын. Ал ақынның анасы Сара апамыз өте қарапайым, балаларына дауыс көтеріп «әй» демейтін сабырлы да салмақты жан еді. Жеті құрсақ көтерген. Үлкені – Шора, менің туған жездем, Салиқа деген әпкеммен тұрмыс құрған азамат. Шорадан кейін – Шаметай, (азан шақырып қойған аты – Самарқан) өнерлі болатын, қолынан баяны түспей, қоңыр үнімен тойлардың сәнін келтіруші еді. Шаметайдан кейін, Жұматай ағамыз (азан шақырып қойған аты – Жұмағұл-Шора) өмірге келген екен. Жұмаға мектеп қабырғасынан бастап өлең-жырға құмар болып, көп оқып, көп тоқыған. Жұматайдан кейін қарындастары Мәнтай, Бақтай, інілері Марат, Бөкен. 

Жақыпбаевтар отбасы шетінен өнерлі еді. Сол кездің өзінде отбасылық ансамбль құрып, елге танымал болса, бүгінгі күні осы отбасынан қалған бір ғана тұяқ Бақтай қарындасы бар.

Жұматайдың балалық шағы соғыстан кейінгі жылдармен жалғасып жатты. Елдің еңсесі әлі де көтеріле қоймаған шақ. Соған қарамастан Жұматай балалық шағын бақытты күндермен теңестіреді. Өйткені алғаш мектеп табалдырығын аттаған күндері қандай еді?! Жетісу орта мектебінде оқып жүріп тәртіпсіз оқушылар жөнінде қабырға газетке сатиралық шымшымаларын жазатын. Кейбір оқушылар Жұмағаңа ала көзімен қарап, тиісуге жол таппайтын. Мектеп пен ауыл кітапханасындағы ақын-жазушылардың кітаптарын жалықпай оқып, достарына ой салатын. Сол кездің өзінде Жұматайдың поэзияға деген махаббаты артып, өлең-жырларға көбірек ден қойған. Мектепте өте жақсы оқыған. Домбырадан күй түлеткен талантты еді. Жұматаймен мектеп қабырғасында бірге оқыған сыныптас достары; қоғам, мемлекет қайраткері Көбес Ақылбаев, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ағайша Исағұлова, жан досы болған Жайлаубай Тойлыбаев, Гүлсара Дайырова, Аманбол. Олармен бірге өткізген күндері қаншама сырға толы, жайдарлы уақыт еді?! 
Он жылдық мектепті бітіре салып Талдықорғандағы малдәрігерлік зоовет техникумына емтихан тапсырып, оқуға түскенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. «Математика пәнін жақсы оқығаны сонша, есептерді шемішкеше шағатын», – деп еске алады Ағайша Исағұлова. Алайда талантты ақын техникумды тамамдамай арман қуып Алматыға тартады. Сол жылы КазМУ-дің филология факультетіне оқуға түсті. Поэзияны жанындай сүйген Жұмаға ақын-жазушы ағаларымен және өзі қатарлас достарымен жиі араласып, студенттік шақтарын өткізеді. 

…Жұматай ағамыз КазМУ-де оқып жүріп бокс үйірмесіне қатысып, шаршы алаңда талай жеңіске жеткен еді. «Спорт шеберлігіне кандидат» деген атағы барын да айта кеткеніміз жөн. Алматыдан өскен жеріне келген сайын ауыл балаларын жинап алып, бокстың әдіс-тәсілдерін үйрететін. Қусақ өзенінің жасыл алаңында былғары қолғаптарымызды киіп алып, бокстасатынбыз. Кейіннен інісі Марат Жақыпбаев Алматыдағы физкультура институтын бітіріп, одақ көлемінде көптеген жарысқа қатысып, бокстан спорт шебері атағын алды. Ал Құлтай Жақыпбаев ағасы сол кездегі Алматы облысындағы бокстан спорт шебері атанған тұңғыш азаматтың бірі болған. 

Жұматай аға оқуынан демалысқа келгенде қара шаңырағында кішігірім той болатын. Бауыр-қарындастары, достары жиналып алып үйінің үлкен залында ән-күй шертіліп, бір жасап қалушы ек. Әлі есімде бірде қазақтың талантты ақыны Марат Отарәлиевті ерте келіпті. Ол кісінің қолындағы «Қалампыр» деген жыр жинағын таласа алғанбыз. Шашын қайырған, қыр мұрынды, жұқалау келген, өлеңдерін мәнерлеп, қоңыр үнімен оқиды екен.

Жұматай оқуын бітіріп келгеннен кейін бе екен, жұмыстың реті келмей өз ауылында бір бас шопанның көмекшісі болып бір жыл қой баққан. Сол отар қойдың соңында жүріп телеэкраннан Испанияның ғажап ақыны Гарсиа Лорка туралы хабар берілгенін көріп, Жұматай ағам «Көктеудегі көріністер: Сұр тұсақ, қойшы бала және Гарсиа Лорка» деген поэтикалық балладасын жазады. Шығармада: 

Гүл лақтырған айғайлап төңірегі,
 Қандай ғана ғажайып өмір еді?!
 Бала Лорка қозыдай сүйкімді еді-ау,
 Дана Лорка қозыдай қоңыр еді.

 Жендеттердің қарасын батырып күн,
 Жіберген соң, Мадрид, ақыры ұқтың.
 Отан емес! – Фашистік Испания –
 Өзі өлтірген өз төлін мақұлық-тын! – деп түйіндейді. Бұл дегеніңіз, ұлы ақынға деген шынайы сезім мен ақын жүрегіндегі мұң мен шер еді. 

Ақын Жұматай осыдан кейін облыстық радионың тілшісі болып қызмет атқарса, одан кейін сол кездегі Алматы облыстық «Октябрь туы» газетіне жұмысқа алынады. Газет тілшісі ретінде ақынның қаламынан ауылшаруашылық саласына қатысты проблемалық мақалалар мен очерктер дүниеге келген. Журналистік қызметін атқара жүріп өлең-жырдың асыл қасиетін одан әрі шыңдай түседі. Көптеген өлеңдер өмірге келеді. Республикалық басылым беттерінде өлеңдері жарық көріп, қалың жұртшылықтың жүрегінен орын ала бастайды. 

Қазақтың тамаша ақыны Зайда Елғондинамен Жұматай ағамыздың таныстығы 1975 жылы Зайданың Көксу аудандық газетінде әдеби қызметкер болып істеп жүрген кезінен басталған. Кейіннен облыстық «Октябрь туы» («Жерұйық») газетінде бірге қызмет істеп, үйлі-баранды болады. Орталарында қыздары – Айкүн өмірге келеді. Негізінен Зайда Жұматайдай ақынға адал жар бола білген жан. Өзі де ақындық жолға түсіп, қаламынан туған «Қырдың қызыл реңі», «Қандай сұлу таң еді», «Менің ғасырым», «Мұнар мен гүл» жинақтарымен қоса, Жұматай жары өмірден озғаннан кейін, Жұмағаның аруағын асқақтата отырып жазған «Менің ертегім», «Зайда-Ғұмыр», «Махабат пен мұң» кітаптары Зайданың жүрегінен туған мұң мен шері екені даусыз. 

Газетте істеп жүрген кездерінде ақын Әбен Дәуренбековпен, Тоқтасын Сүгірбековпен жиі араласып дәмдес болған кездері көп. Оның үстіне Жұмағаның табан астында тауып айтқыштығы осы ортада әлі күнге дейін айтылып жүр. Бірде Әбен Жұмағаны үйіне шақырыпты, үйінің асты тұтас азық-түлік дүкені екен. Жұматай әлгіні көре салып:

Бұл үйдің үсті де дом, асты да дом,
Тиіп тұр іргесіне гастроном, – деп жіберіпті. Оны түсіне қойған Әбен қатарласып барып дүкенге бас сұғыпты. «Ал, қайсысын аламыз?» деген Әбенге Жұматай:
Қасында еріп жүрсе екі-үш сыра,
Арақтың төресі ғой «Экстра», – деген екен. 

Әбеннің тұңғыш қызы дүниеге келіп, соның шілдеханасында дүйім жұрттың алдында: 

Айналайын, Гүлзадам,
Айтайын саған бір жаңа ән.
Әкең сенің импортный –
Поштаман келген Құлжадан, – деген де Жұматай ағамыз.

Облыстық газеттің жігіттерін бірде колхоз жұмысына апарыпты. Оларды бастап барған газет редакторының орынбасары Елжас Бейсенбеков болса керек. Күнде ертеңгісін «тұрыңдар, тұрыңдар» деп маза бермейді екен. Басына ұдайы түрік тақиясын киіп жүретін көрінеді, әлгіге қарап:

Мекеніміз Кеңарал,
 Уақыт жоқ демалар.
 Тықың-тықың етеді,
 Турецкий Генерал! – деп сол жердегі жігіттерді ду күлдіріпті. 

Бұл Жұматай ақынның тапқырлығының бір парасы ғана.

Осылай жүріп жатқан уақытта қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевтің көзіне Жұматай ағамыздың бір топ өлеңдері түседі. Оқып көріп, «Ой, мынау талантты ақын екен, ауылда жүріп не бітіреді?» деген оймен Алматыға шақырады. Содан «Жалын» баспасының қасындағы өзі басқарып отырған «Жалын» альманағының поэзия бөліміне жұмысқа алады. Бұл альманақта Жұмаға 10 жылдай жұмыс атқарған. Сол кезде бірге істеген белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбаев, Досан Жанботаев, Жанар Әбдешовалар Жұматай ағамыздың жақсы қасиетерін айтып, күлдіріп отырушы еді. Жұматай ағамыздың күйшілік өнерін сол кезде байқаған екен. «Жұматайдың жұп басары», «Ләйлә келген», «Зайда көрген», «Қажытай» күйлерін майталман күйші Секен Тұрысбеков пен Ерболат Үсенов нотаға түсіріп, ел алдында орындап жүр деп естиміз. 

Жұматай ағамыз Алматыда жүріп, маңайына талантты жас ақындарды жинап «Жыр қағанатын» құрды. Олардың әрқайсысына өмір тәжірибесіне қарай атақ пен шен беріп қойған. Ал қағанаттың кеңесшісі – Қажытай ағамыз болыпты. Талантты ақын Мейірхан Ақдәулетов – илхам, орысша-қазақша бірдей жазатын Әуезхан Қодар – гоан, ақын Әбубәкір Қайран – саид, одан кейінгі – Есенқұл Жақыпбеков, Нұрлан Мәукенұлы, Есжан Айнабеков, Қайрат Әлімбеков, Бауыржан Үсенов, Светқали Нұржанов, Гүлнар Салықбай, Бауыржан Жақып, Темірғали Көпбаевтар, Нүсіпбай Әбдірахымдар – ноян болған екен. Бас қосып, өлең-жырларын оқып, орталарында талқылап отыратын көрінеді. Айтысып, тартысып қалатын кездері де болғанда, Жұматай ағамыз оларды сабырға шақырып, ақыл-кеңесін беріп, басу айтып отырған. Көбінде Жұмағаның шаңырағында бас қосып, Зайда ханумның жайған дастарқанынан дәм татып кетеді екен. Сонда Зайда ханум бір реніш білдірмейтін көрінеді. Не деген ақпейілділік десеңізші?!

Осы жерде мен Жұматай Жақыпбаевтың өлең-жырларының ерекшеліктеріне қысқаша тоқталып кетейін. Жұмағаның туған жері – Жетісу ауылы. Сонау Сарноқай мен Мыңбұлақ, Ойсаз, Шажа, Суықтөбе, Шоратұғыл, Үшбұлақ, Бекбау жерошағы, Балдырғанды, Аңқоймас сияқты малға жайлы көк жайлауларын, сарқырап ағып жатқан Қаратал, Көксу, Қусақ өзендерін өз жырында тіл байлығымен жырлап өткен ақын азамат. Табиғатты суреттеуінде бір мін жоқ, тілі шұрайлы, ғажап бояуларды әсерлі жеткізе біледі. Тура суретшінің қолынан шыққандай. Туған жер туралы мына өлеңінде ақын былайша суреттейді:

Туған жерім, сені ғана түсінем,
Судың емес, қайнарысың күшті әннің.
Жабайы алма, жасыл шетен ішінен,
Тамылжиды таңғы арманы құстардың.

Туған жерім, әлемдегі ел түрлі,
Таңдай қаға қарау үшін мың сан күн.
Әспеттеуге, бейнелеуге көркіңді,
Тілімнің бар акварелін жұмсармын, – дейді. Қандай әдемі сурет? Немесе «Көш жолы. Қайнар» өлеңіне назар салайық:

Астаудай ақжем, арнадай шұңғыл бұралаң,
Арғымақ күшін, атанның белін сынаған.
Аққұмақ жолдың айылдай ғана енімен,
Алалы жылқы, ақтылы қойлар шұбаған.

Ала бас таудың құймышағындай құзынан,
Атамыз тартқан маршруттарға қызығам.
Топырлап өткен, тасырлап соққан тұяқтар,
Тауларды кертіп, тастарды үгіп мұжыған, – дей келе:

Ақ көңіл самал аңқылдай сөйлеп сайларда,
Алдыңнан жайлау астарсыз кілем жайғанда.
Белбеуін шешіп бесінде кімдер түспеді,
Бекбауда жатқан белгісіз мына қайнарға. 

Қандай сөз, қандай теңеу?! Ақындық тапқырлық пен шеберлік дер едім. Жұматай ағамыздың кез келген өлең-жырларында көңілден шыққан көненің көзі мен дананың сөзі айшықтанып тұрады. Мысалы, «Мамырым менің», «Көктемге хат», «Ойсазда», «Той. Саржайлау», «Өлкемде өсімдіктің ырғыны – гүл», «Сарноқай саздары» осы айтқан сөздеріме дәлел. Жүректің түбінде жатқан тау бұлағындай әуезділігімен қатар саздылығы тым ерекше әсер қалдырады. Сондықтан болар, Жұматай ағамыздың «Ат туралы», «Кенежирен», «Кенежиренді Шора сатып жібергенде», «Көкпар» өлеңдері қазақ поэзиясының төрінен орын алған шығармалар.

Жалпы Жұматай ақын Ләйлә туралы 100-ге жуық өлең арнады деген әңгіме бар. Оның тең жартысы жоғалып, өртеніп кеткен дейді. Бүгінгі күні «Жалын» баспасынан 1981 жылы жарық көрген «Ләйлә» атты (4,1 баспа табақ) жыр кітабында соның біразы басылған. Жұматай ағамыз осы бір ғана Ләйләдай қызға ғашық болып, қазақ поэзиясындағы махаббат тақырыбын шырқау көкке көтерген бірден-бір ақын екені даусыз. 

Бүгінде Жұматай ақынды танымайтын қазақ жоқ. Ол халық жүрегінде, ел санасында. Тұманбай Молдағалиев: «Жұматай! Сен қазақтың болашақ ұлы ақындарының бірісің!» – десе, Олжас Сүлейменов: «Жуматай – истинный и даже редкий поэт!» – деп бағалаған. Ал Асқар Сүлейменов: «Оның өлеңдері табиғи бітімі, концепциялық айшықты ойы жағынан да ұлттық поэзиямыздың айтулы олжасы, оқшау құбылысы. Әр шығармасы шыңыраудан су шығарғандай көрінеді», – деп өте жоғары бағаларын берген екен. 
 

Енді бір айтатын дүние – «Алтын қалам – 2017» әдеби конкурсының «Жылдың үздік драматургия және киносценарийі» аталымы бойынша жеңімпаз атанған ақын-драматург Жомарт Айдаров Жұматай туралы «Жұлдызды – Жұматай!» деген пьеса жазған. Бұл пьесасы «Дүние ғажап» («Алматы-Болашақ» баспасы, 2019) деген кітабына енген. Осы кітапты Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры директорының қолына өткен жылы апарып тапсырған болатынмын. «Жетісу өлкесінің тумасы Жұматайдың 80 жылдығы келе жатыр, соған орай сахна төріне шығарсаңдар», – деген тілек айтқан едім. Орындала ма, жоқ па, бір тәңірге ғана аян. 

Ақынның көзі тірісінде «Жалын» баспасынан «Саратан», «Ләйлә», «Шұғынық гүл төркіні», «Көктемгі хаттар» жинақтары жарық көрсе, «Атамұра» баспасынан «Ләйлә» атты толық жинағы оқырман қолына тиді. Ал Зайда ханумның құрастыруымен «Ан Арыс» баспасынан «Жұматай Жақыпбаев» деген атпен 2-томдық шығармалар жинағы қайта басылып шықты.

Есімін есте қалдыру мақсатында Жетісу облысының Ескелді ауданына қарасты Сырымбет ауылының орта мектебіне Жұматай Жақыпбаев есімі берілген. Жақын арада өзінің оқыған Жетісу орта мектебінде арнайы Жұматай Жақыпбаев атындағы класы мен кабинеті ашылды. Онда Жұматай ағамыз жайлы жазылған қызықты ақын-жазушалардың естелік кітаптары мен газет қиындылары, өзі ұстаған заттары, бірнеше суреттері жинақталған. Десе де Жетісуда Жұматай ағамыздың қара шаңырағы бар болатын. Сол шаңырақта Жұмағамыздың балалық шағынан бастап, есейген шағына дейінгі өмірі өткені белгілі. Сол үйдің ешқандай себепсіз, орны да қалмай құлатылып тасталғаны жанымызға батады. Болашақ ұрпақ үшін оны сақтап қалуға болатын еді ғой. Кезінде осы мәселе бойынша «Қазақ әдебиетіне» проблемалық мақала жазып мәселені көтерген едім. Бұл да үнсіз қалды. Қалай десе де Жұматай Жақыпбаевтың аты өшпейтініне сенімім мол. Өйткені Жұматай – жұлдызы жанған ақын. Жарық жұлдыз ешқашан сөнбек емес. Ол – мәңгілік! 

Сайлаубай Тойлыбаев,
 Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Қатысты жаңалықтар

12 қыз, 12 алтын

АЗИЯНЫҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫ

24.05.2025
12 қыз, 12 алтын

12 қыз, 12 алтын

24.05.2025
Армандар орындалған күн

Армандар орындалған күн

24.05.2025
БАЙЛАНЫС ЖҮЙЕЛІ ДАМУДА

БАЙЛАНЫС ЖҮЙЕЛІ ДАМУДА

24.05.2025
Алқаптағы алқалы жиын

Алқаптағы алқалы жиын

24.05.2025

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.