Қазақстанның халық әртісі, аңыз тұлға Асанәлі Әшімовтің отбасы тағы бір ауыр қайғыға дұшар болды. Актердің жары Бағдат Әшімова шаңырақтың ардақты келіні, марқұм Сағи Әшімовтің жары Селимханның өмірден өткенін, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында отбасының қабырғасын қайыстырған қаза туралы жүрекжарды жазба қалдырды. Ол Селимханның тек жақсы келін емес, екі немеренің анасы ретінде шаңырақтың берекесі болғанын атап өтті.
«Асылымнан айырылып, көз жасымызды тыя алмай, жүрегіміз жадап отырған шақта тағы бір қайғы шаңырағымызды торлады. Сағидың жары, екі немереміздің анасы Селимхан дүниеден өтті. Ансарым мен Майрамның көз жасын сүртіп, қайғыда қастарында болу, өмірдің жалғасатынын түсіндіру оңай емес», – деп бөлісті Бағдат Әшімова.
Бұл қаза Әшімовтер әулеті үшін өте ауыр тиіп отыр. Еске сала кетейік, Асанәлі Әшімовтің ұлы, талантты актер Сағи Әшімов 1999 жылы небәрі 38 жасында өмірден өткен болатын. Селимхан Әшімова содан бері жарының аманатына адал болып, Ансар мен Майрам есімді екі перзентін тәрбиелеп өсірді.
Мұндай сәттерде халықтың сүйікті өнер иесіне рухани қолдау көрсету өте маңызды. Асанәлі Әшімов – ұлттық өнердің діңгегі, талай тағдыр тауқыметін қайсарлықпен жеңіп келе жатқан тұлға. Отбасылық қайғыға қарамастан, ол әрқашан ел алдында биік парасаттылық танытып келеді. Селимхан келіннің қазасы – бүкіл қазақ өнерсүйер қауымының қабырғасын қайыстырған жағдай.





