Қаратал ауданындағы этномәдени ошақтардың бірі – Бастөбе ауылдық округі. Мұнда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, өзара сыйластық пен достықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бұл мекенді көпұлтты Қазақстанның нағыз Ассамблеясы деуге болады.
Бастөбе ауылдық округінде корей халқының өкілдері көп шоғырланған. Тарихқа сүйенсек, 1937 жылдың қазан айында Қиыр Шығыстан жер аударылған корейлер Бастөбе тауының етегіне қоныстанған.
Тағдыр тәлкегіне түскен корей халқына қазақ халқы кең пейіл танытып, қол ұшын созып, барымен бөлісіп, қиын-қыстау кезеңде демеу болған. Осылайша, сан қилы сынақтарға қарамастан, екі халықтың арасындағы достық пен өзара сыйластық нығая түсті.
Бүгінде Бастөбе тұрғындары береке-бірлігі жарасқан ортада өмір сүріп, ел дамуына өз үлестерін қосып келеді. Сыйластық пен достықтың үлгісін көрсетіп жүрген корей этносының өкілдері де ел болашағына бейжай қарамай, қоғамдық өмірге белсенді араласуда.
Соның бір дәлелі – олар Құрылтай сайлауына қатысып, азаматтық белсенділіктерін танытып № 162-ші сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасап, дауыс беруде. Айта кетейік — бұл участікте 200 адам бір сәтте дауыс берді.





