Қазіргі уақытта қоғамдық-саяси бағыттағы іс-шаралардың орны ерекше. Себебі, мұндай шаралар халықтың қызығушылығын арттырып, азаматтық көзқарастың қалыптасуына ықпал етеді. Әсіресе, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде және ел бірлігін нығайтуда қоғамдық-саяси жұмыстардың маңызы зор.
Бүгінде еліміздің кітапханалары, Мәдениет үйлері, білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдары бұл бағытта түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Кездесулер, дөңгелек үстелдер, тарихи кештер, пікірталастар мен көрмелер халықтың рухани танымын кеңейтіп, қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік мерекелерге арналған шаралардың да тәрбиелік мәні ерекше. Конституция күні, Тәуелсіздік күні, Республика күні, Қазақстан халқының бірлігі күні сияқты маңызды даталар аясында өткізілетін іс-шаралар жастардың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, мемлекетке деген құрмет сезімін қалыптастырады.
Сонымен қатар, қоғамдық-саяси бағыттағы жұмыстарда қазіргі қоғамдағы маңызды мәселелер де кеңінен қамтылады. Атап айтқанда, құқықтық сауаттылықты арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, діни экстремизмге қарсы түсіндіру, жастар тәрбиесі мен экологиялық мәдениет тақырыптары жиі қозғалады. Бұл шаралар халыққа пайдалы ақпарат беріп қана қоймай, азаматтардың қоғамдық пікір қалыптастыруына ықпал етеді. Жастар арасында өткізілетін патриоттық кездесулердің де маңызы зор. Ерлік сабақтары, тарихи тұлғаларды таныту кештері мен танымдық жобалар жас буынның рухын көтеріп, елін сүюге тәрбиелейді. Өткен тарихты білу – болашаққа сеніммен қараудың негізі.
Қоғамдық-саяси іс-шаралардың тағы бір маңызды тұсы – қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтау. Көпұлтты Қазақстан үшін бірлік пен келісім – ең басты құндылықтардың бірі. Сондықтан достықты, ынтымақты және өзара сыйластықты насихаттайтын шаралар ел ішіндегі ауызбіршілікті арттыруға қызмет етеді.
Қоғамдық-саяси бағыттағы іс-шаралар – қоғамның рухани дамуына әсер ететін маңызды жұмыстардың бірі. Мұндай шаралар халықтың белсенділігін арттырып, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын саналы ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар әрдайым өз жалғасын таба бермек.
Жанар РАЙХАНОВА,
Құрақсу ауылдық кітапханасының кітапханашысы
Ақсу ауданы





