Отбасы күніне орай Қ. Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейінде «Әкем, анам және мен – достасамыз спортпен» атты отбасылық эстафета өтті. Додаға 5-сынып оқушылары мен ата-аналары қатысып, спорт арқылы жанұялық ынтымақты нығайтты.
Жарыс барысында қатысушылар шапшаңдық пен ептілікті сынға салған түрлі кезеңнен өтіп, ұйымшылдықтарын танытты.
Жиында сөз алған мектеп директоры Маржан Каримбаева:
– Мұндай жарыстың бала тәрбиесінде алар орны зор. Ата-анамен бірге уақыт өткізіп, бір мақсатқа жұмылу баланың отбасына деген сүйіспеншілігін арттырады, – деді.
Ал дене шынықтыру бірлестігінің жетекшісі Ермек Тарыбаевтың айтуынша, спорттық сайыстар отбасы мүшелерін жақындастырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
Сайыс қорытындысында Қалиасқаровтар әулеті топ жарып, 1-орынға ие болды. Қайназаровтар екінші, Құрманалиевтер әулеті 3-орыннан көрінді. Ал Демесиновтар әулеті «Ең белсенді отбасы» аталымына лайық деп танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Грамота, кубок, медаль және бағалы сыйлықтар табысталды. Берекесі бекем шаңырақтың шаттығын спорт алаңындағы осындай жарасымды жарыстар да еселей түсті.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





