Астанада «СҚ-Фармация» алаңында Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің фармацевтикалық индустрияны дамыту перспективаларына арналған көшпелі отырысы өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жиында халықты сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті азайту шаралары сөз болды. Құзырлы орган өкілдері заманауи медициналық өнімдердің қолжетімділігін арттыру басты назарда екенін жеткізді.
Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов отандық өндірісті локализациялау, яғни өндіріс қуатын ел ішінде шоғырландыру деңгейін кеңейту қажеттігін алға тартты. Жиында айтылған мәліметтер көңіл көншітеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгені құрап, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 8,7%-ға артқан.
Салаға тартылған инвестиция көлемі 142,8 млн АҚШ долларына жетсе, отандық өнім экспорты 84 млн доллар деңгейіне дейін көтерілді. Қазіргі таңда елде 209 отандық тауар өндіруші тіркелген. Оның ішінде 43 дәрілік зат өндіруші және 166 медициналық бұйым шығаратын кәсіпорын бар. Қазақстандық өндірушілердің нарықтағы үлесі 39,8%-ға жетті. Сала мамандары цифрлық жүйелердің көмегімен нақтыланған отандық дәрілік заттар өндірісінің көлемі 40%-ға жуықтағанын мәлімдеді.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында 31 қазақстандық өндірушімен 2 мыңнан астам атаудағы медициналық өнімдерді жеткізуге арналған 83 ұзақ мерзімді шарт жасалған. Сонымен қатар жалпы сомасы шамамен 360 млрд теңгені құрайтын инвестициялар туралы 7 келісім бекітілді. Осындай жобаларды іске асыру нәтижесінде нарыққа 474 жаңа өнім атауы шығып, 1 140-тан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Бұл жаңалықтар тек құрғақ сандарды емес, халықтың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты шешімдерді көрсетеді. Мәселен, елімізде дәрілік заттарды тіркеу мерзімдерін жеделдету үшін «бірыңғай терезе» қағидатымен «Композиттік қызмет» пилоттық жобасы енгізілді. Нәтижесінде құжаттарды рәсімдеу уақыты 210 күннен 100 күнге дейін, яғни екі еседен астам уақытқа қысқарды. Ал халықаралық жоғары реттеушілік стандарттары бар елдерден келетін маңызды препараттар үшін жеделдетілген тіркеу мерзімі 15 жұмыс күнін ғана құрайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, Қазақстан дәрілік заттар айналымын реттеудің ұлттық жүйесінің жетілу деңгейі бойынша ТМД елдерінің ішінде үшінші деңгейге жеткен алғашқы мемлекет атанды. Жаңадан енгізіліп жатқан дәрілік заттарды таңбалау жүйесі де емделушілер үшін өте тиімді. Цифрлық таңбалау дәріханалар мен ауруханалардағы өнімдердің қозғалысын онлайн бақылауға, жалған немесе сапасыз дәрілердің жолын кесуге мүмкіндік береді. Отандық өндірістің артуы дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығын сақтап, Жетісу өңірі сияқты алыс аймақтардағы емдеу мекемелерін қажетті препараттармен дер кезінде қамтамасыз етудің басты кепілі болмақ.





