Енді санаулы күндерден кейін күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айы басталмақ. Он сегіз мың ғаламның жаратушысы, барлық тіршілік иесіне ризық-несібе сыйлаушы жалғыз Аллаға сансыз мадақтар мен мақтаулар, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) және оның отбасына, сахабаларына Алланың салауаты мен сәлемі болғай.
Біз айлардың сұлтаны Рамазан айының келуімен сүйіншілеп, Қазақстан діни басқармасының Жетісу облысы бойынша бас имамы Керімбек Дәуітовті сөзге тартып, ораза ұстау туралы көп көңілінде жүрген біраз сауалдарға жауап алып қайтқан едік.
– Құрметті Керімбек Сәрсембайұлы, ораза кімдерге парыз?
– Бисмилләһир рахманир рахим! Қасиетті Құран Кәрімнің Бақара сүресі 183-аятында: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді», – делінген. Ораза ұстау – біріншіден, мұсылман, екіншіден, ақыл-есі дұрыс, үшіншіден, балиғат жасына толған әрбір ер-әйелге парыз. Ал, мұсылман емес адамдарға парыз емес. Егер сапарда жүрген немесе науқас адамдар болса, олардың басқа күндері өтеуіне болады. Бұл туралы «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам ораза ұстасын. Кімде-кім ауру болып, әйтпесе сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» деп анық айтылған. Биылғы ораза ұстау 1 наурызда басталып, 29 наурызда аяқталады. Наурыздың 30-ы – ораза айт, ал мың айдан да қайырлы Қадір түні – 26 наурыздан 27-іне қараған түні деп белгілінген.
– Енді оразаның қасиеттері туралы кеңінен тоқталып өтсеңіз?
– Орзаның қасиеттері өте көп. Себебі, ораза ұстаған адам ең алдымен аштықтың қадірін түсінеді. Сол арқылы оның жоқ-жітік, жетім-жесір, кедей-кепшікке деген махаббаты оянып, мұқтаж жандарға көмектесуге пейіл болады. Сондай-ақ, ораза адамдарды кең пейіл, ізгілік пен сабырлы болуға тәрбиелейді. Сабырлы адам ешқашан зиянға ұшырамайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде мұсылман адамда екі шаттық болды деп атап айтылған. Оның бірі – ауыз ашуға санаулы минуттар қалғанда тағатсыздана күткен жанның ауыз ашар дастарқаны ашылған кездегі қуанышы болса, енді бірі – қиямет күні ораза ұстағандар жиналыңдар деген бір дауыс естіген сәтте болады екен. Осы кезде жалпы ораза ұстаған адамдар жиналып, жәннаттағы Райан қақпасы ашылып, одан кірген кезде ерекше шаттанатыны айтылған. Міне, бұл оразаның екі дүниедегі үлкен ерекшеліктерінің бірі. Кейбір адамдар намаз оқымайтын адам ораза ұстаса бола ма деген сұрақ қойып жатады. Әрине, намаз оқымаса да ораза ұстай беруге болады. Өйткені, әрбір мұсылман баласына жүктелген Аллаға иман келтіру, намаз оқу, зекет беру, ораза ұстау және шамасы келгендер қажыға бару сынды бес парыз бар. Ал, намаз оқымаса да ораза ұстаған адам сол парыздардың бірін өтеген болып саналады. Ораза – адамның бүкіл ағзасын тазартып, ізгілік пен мейімділікке баулиды.
– Ал, зекет және пітір садақасын берудің жолы қалай?
– Негізі зекет – мұсылмандардың бес парызының бірі, яғни, төртінші шарты, қоғамдағы кедей адамдарға берілетін жүктелген садақа. Шариғат бойынша, кәмелетке толған ауқатты мұсылмандар ғана жылына бір рет малының, дүние-мүлкінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін Зекет ретінде беруге міндетті. Мысалға, ақшасы барлар жалпы ақшасының көлеміне қарай, қой, ешкінің саны 40-тан асса, түйе 5-ке жетсе бір қой, ірі қараның саны 30-дан асса бір тайынша зекет беруге болады. Зекет мешітке немесе мұқтаж адамдарға беріледі. Ал, пітір садақасын 85 грамм алтыны не сондай құнға ие байлығы бар адам бір жылда бір рет беретін уәжіп садақа. Оны Рамазан айы басталған күннен ораза айт намазы оқылғанға дейін берген дұрыс. Ол – жаңа туылған сәбиден бастап қартқа дейін уәжіп етілген. Пітірді отағасы береді. Пітір садақасының негізгі мәні – өмірге келіп, жер басып жүргені үшін беріледі. Оны жергілікті жердегі мұқтаж адамдарға берген абзал. Ол, бидай немесе бидай ұнының уәжіп болған мөлшерімен белгіленеді. Мәселен, биылғы пітір садақаның мөлшері – 655 теңге болып бекітілді.
– Рамазан айында укол немесе екпе салдыруға тура келсе, ол ораза бұзыла ма?
– Негізінде шариғат бойынша кез келген нәрсе ауыз, мұрын, тік ішек арқылы ішке енсе, ол оразаны бұзады. Ал, дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды. Бұл туралы «Фәтауа Һиндия» кітабында «Терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды» делінген. Екпе (вакцина) – бактерия, вирус секілді адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды.
– Ал Қадір түнінде қандай амалдар жасаған дұрыс?
– Мың айдан да қайырлы бұл түннің орны бөлек, сауабы да ерекше. Қадір түні жасалған ғибадат 83 жыл 4 айлық сауапқа пара-пар екен. Бұл түнді әрбір мұсылман баласы Алланың ризалығы үшін құлшылық етіп, намаз оқып, жақсы тілектер тілеуі тиіс. Құптан, тарауих, тәһәжжуд, тәубе және қаза намаздарын оқып, елімізге, жерімізге, отбасымызға жақсы дұғада болуы шарт. Себебі, осы түні құран түсірілген. Жалпы періштелер жерге келіп сауап жазып, жаратылыс атаулының тағдыры белгіленіп, келесі қадір түніне дейінгі адамдардың ризық-несібелері, өмір өлшемдері секілді маңызды оқиғалар Алла Тағала тарапынан періштелеріне аян болады. Сол үшін бұл түні шынайы ниет етіп, құлшылықпен, жақсы тілектермен өткізген жөн.
– Биылғы Рамазан айында Жетісу облысындағы мешіттерде қандай игі шаралар ұйымдастырылмақ?
– Рамазан – ізгілік айы. Биыл ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сай «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында атқарылатын игілікті істер көп. Соның ішінде ислам дініндегі басты құндылықтардың бірі – қайырымдылық. Қайырымдылық – қайырлы іс. Тұрмысында қиыншылығы бар, көпбалалы отбасына, науқас және мүгедек жандарға қол ұшын беріп, көмек көрсетудің сауабы мол. Осыған дейін мешіттер тарапынан өңірдегі көптеген мұқтаж адамдарға отын, көмір түсіріліп, қаржылай қайырымдылық жасалды. Атап айтсақ, өткен жылғы Рамазан айында су тасқынынан зардап шеккен халыққа мешіттерімізден 11 миллион теңгеден астам қаржылай, 56 тонна түрлі заттай, 100 мыңға жуық құм салатын қап жөнелтілді. Осы барыста мешіт қызметкерлері ораза ұстап, ауыз бекіткеніне қарамастан су тасқыны болған өңірге көмекке барып, 10 күн бойы таңнан күн батқанға дейін қара жұмыс жасап қайтты. Олар сапарда жүрді, аузын ашуға болар еді. Бірақ, Алланың ризалығы үшін деп қиыншылыққа шыдады. Сондай-ақ, былтыр «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 14 баспана, балалар үйіне 1 монша, «Мектепке жол» акциясы аясында 1200-ден астам оқушыға қажетті оқу құралдары мен киім-кешек және білім алушы шәкірттерге 1 миллион 700 мыңнан астам ақшалай жәрдем берілді. Ал аймақтағы имамдар бірлесіп, «Біз біргеміз!», «Жақыныңа жанашыр бол!», «Жақсылық жасап жарысайық!» сынды акциялар шеңберінде мұқтаж адамдарға қыруар азық-түліктер мен басқа да заттар таратты. Шариғатта: «Кім де кім ораза кезінде ауызашар берсе, ол ораза ұстаған адамның сауабындай сауап алады және ораза тұтушы адамның сауабы еш кемімейді» делінген. Бұрынғы жылдары 30 күндік ораза кезінде аймақтағы әрбір мешітте арнайы ыстық тағамдар дайындалып, ораза ұстаған адамдардың үйлеріне дейін ауызашар дәмі жеткізіліп беріліп келді. Мұндай қайырымдылық шаралары биыл да жалғасады. Оның ішінде жылдағы қалыптасқан дәстүрге сай «Тайқазан», «Тосын сый», «Ауызашар қоржыны», «Рамазан керуені» сынды көптеген шаралар жоспарлануда. Бұрынғы жылдары ораза кезінде түрлі азық-түліктер мен басқа да заттар жүк көліктеріне тиеліп, шалғай ауылдардағы тұрмысында қиыншылығы бар адамдарға дейін жеткізіліп берілген. Осының барлығы қалың жамағаттың және жомарт жандардың көмегімен атқарылған қайырымды істер. Еліміз аман, жеріміз тыныш, келе жатқан Рамазан айы мүбәрак болсын!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айдын КӘЛІМХАН