Аудандағы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері, ҚР ауыл шаруашылығы саласының үздігі, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Қален Иісбаев басқаратын «Айғайтас» ЖШС өңірдегі қожалықтардың көшбасшысы іспетті.
Серіктестік шаруашылықтар тарағаннан кейін мүлде игерусіз қалған аудандағы Тұзкөл, Сарыбастау өңіріндегі мыңдаған гектар жердің тамырына қан жүгіртіп, арпа мен бидайдың теңіздей толқыған алқаптарына айналдырды. «Айғайтас» ЖШС алыс-жақын шет елден әкелінген, компьютермен басқарылатын заманауи трактор, ауыл шаруашылығына қажетті агрегаттармен толық қамтамасыз етілген. Көктемгі егіс жұмыстары жаңа технология бойынша жүргізіледі. Алқап жыртылып, қопсытылып, дән себіліп, дәрімен залалсыздандырып кете барады. Мұндай егіс алқаптары біркелкі бой көтереді. Арамшөптен ада болады. Өнімі де көңілді көншітіп жатады.
Биыл серіктестіктің 1450 гектар жаздық бидайы жақсы жетілді. 650 гектар күздік бидайы екі аптадан кейін орылатын болады. Теңіздей толқып жатқан бидайлы алқапқа қызыға қарайсың. «Айғайтастың» Шалкөде жайлауында 4 гектар жайылымдық жері бар. 1000-ға тарта жылқы өсіріледі. Асыл тұқымды ірі қаралары да жайылып жүр. Серіктестік ұжымы биыл егіс алқаптарының әр гектарынан 25 центнерден жоғары өнім аламыз деген сенімде.
Қанат БІРЖАНСАЛ





