Өткен жылы аудандағы бірнеше көшеге асфальт төселіп, елді мекендерге жарық шамдары тартылды. Оған күз-көктемде жауын-шашын суынан лайсаң болып жататын көшемен жүретін жұртшылық бір қуанып қалып еді. Әйтсе де кейбір көшеге төселген асфальттың сапасыздығы көңілге кірбің түсірген болатын. Биыл бұл кемшіліктер түзетіліп, асфальт төсеу жұмысы жалғаспақ.
Айталық, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Жолбарыс батыр ауылдық округіне қарасты Кәлпе ауылының Болатхан, Абай, Ұлтуған, Тентек, Б.Римова, Қ.Байсейітов, Дәулетияров көшелеріне және Бастөбе ауылдық округіне қарайтын Жылыбұлақ ауылының Мир көшесіне орташа жөндеу жұмысы жүргізілмек. Сонымен қатар, Үштөбе қаласының Д.Қонаев, Абылай хан даңғылы мен Рысқұлов, Жолбарыс батыр, Желтоқсан, Жамбыл, Байсейітов, Байсақов, Шевелев, Мақатаев, Кузнецов, Байтуғанов, Момышұлы, Исаев, Жәлменде би көшесіне, Үштөбе шағын көшесіне және Балпық ауылдық округінің Ұмтыл ауылының кіреберіс жолына ағымдағы жөндеу жұмысы жасалмақ. Бюджеттік жоспарға сәйкес Үштөбе қаласының Қаблиса ақын, Жолбарыс батыр, Жұбанов, Касенков, Котовский, Линейная, «Достық» шағынауданындағы Крылов шағын көшесі, «Балқаш» шағынауданындағы Бақай батыр, Медина көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылуда. Сондай-ақ, Үштөбе қаласы мен елді мекендердегі бірқатар көшеге қиыршық құм-тас төгу жұмысы жүргізілмек.
Айта кетерлігі, биыл облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша Тастөбе ауылдық округінің аумағынан өтетін «Талдықорған – Үштөбе – Быжы – Мұқыры» бойындағы «Тастөбе-Бесағаш» жолына және Ескелді ауылдық округінің аумағынан өтетін «Ескелді – Көкдала» жолына «Талдықорған жолдары» ЖШС орташа жөндеу жұмысын жүргізуді көздеп отыр.
– «Үштөбе-Алмалы-Көпбірлік» 147, 26-175, 45 шақырымындағы «Алмалы-Көпбірлік» аралығындағы автомобиль жолы 2020 жылы толық аяқталмағандықтан өтпелі нысан болып 2021 жылғы қараша айының соңына дейін ұзартылды. Осы мерзім ішінде аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде. «Үштөбе – Алмалы» аралығындағы автомобиль жолына маршруттық тәсілмен ағымдық шұңқырлы жөндеу жұмысы жүргізілетін болады, – дейді Қаратал ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Самат Жарманов.
Әлбетте, жол салуда кемшіліктер де кездеседі. Нақтырақ айтар болсақ, Үштөбе қаласындағы Пронин, Амангелді көшелеріне «Таған» ЖШС орташа жөндеу жұмысын жүргізген. Аталған көшенің асфальт жамылғысының кейбір жерінің сапасы нашар болғаны анықталды. Мердігер жол жөндеуші мекеме төселген жолға 2 жылға кепілдік берген. Автокөлік жолының бұзылған жерлеріне аталған мекеме былтырғы 26 мамырдағы № 31 келісімшартқа байланысты биылғы жылы қайта жөндеу жұмысын жүргізеді.
Үштөбе қаласының Үшкөмей ауылына кіреберіс жолына, Тастөбе ауылдық округінің Тастөбе ауылындағы Қарымбай ақын көшесіне, Бастөбе ауылдық округінің Ортатөбе ауылындағы Ш. Уәлиханов көшесіне орташа жөндеу жұмысын жүргізу үшін ашық конкурс жарияланған болатын. Осы конкурсты ұтып алған «Golden City DS» ЖШС өткен жылдың 30 сәуіріндегі №17 келісімшартқа сәйкес жолға асфальт төсей бастады. Жоспардың орындалу мерзімі 30 қарашаға дейін ұзартылған. Аталған мердігер мекеме сметалық жобаға сәйкес асфальт жамылғысын және жол жиектеріне қиыршық құм-тас төгу жұмысын мерзімінде толық аяқтай алмады. Сол себепті тапсырыс беруші мемлекеттік мекеме жұмысты қабылдамады.
– Биыл 11 қаңтарда облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талапарыз берілген. Қазіргі кезде сот процесі жүруде. Сонымен қатар, келісімшарт негізінде жүргізілген орташа жөндеу жұмысы бойынша жолдың кейбір кеткен жерін толық қалпына келтіреді. Сондайақ, «SILK ROAD Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашық байқауда ұтып алған 16 көшенің автомобиль жолына орташа жөндеу жұмысын жүргізу үшін былтыр 20 мамырда №24 келісімшартқа отырған. Аяқталу уақыты 30 қарашаға дейін ұзартылған, – дейді Қаратал ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.
Жоғарыда аталған 16 көшенің 14 көшесіне асфальтты төсеу жұмысы аяқталған. Десек те жол жөндеуші мердігер мекеме қалған 2 көшені, яғни, Жаңаталап ауылындағы Ильина және Үштөбе қаласындағы Қазыбек би көшесіне асфальт төсеу, барлық көшенің жол белгісін орнату мен жол жиегіне қиыршық құмтас төгу жұмысын аяқтамаған. Келісімшартқа байланысты екі жылдық кепілдеме міндеттемесі бар. Сондықтан былтыр 11 желтоқсанда облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талапарыз берілген. 2 ақпандағы сот шешіміне сәйкес үстіміздегі жылдың 31 мамырына дейін бітпеген жұмыстарды толық аяқтау міндеттелген.
Осыған дейін жолдың сапасыздығына байланысты тұрғындар тарапынан шағым жиі түсетін. Жаңа асфальт жолдың көп ұзамай бұзылуы көптен күткен қуанышты су сепкендей басқаны да анық. Көпшілік жолдың сапалы жөнделуін қалайды. Сол үміт биыл ақталады деп сенейік.
Асхат ӨМІРБАЕВ
Қаратал ауданы
Алматы облысы





