Ақсу ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасы аясында 91 жобаға 513,5 млн. теңге шағын несие беріліп, ауыл азаматтарының істерін ілгерілетіп отыр.
Тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығы бойынша несиеге өтінім берген. Осы бағытта 87 тұрғын шағын несиеге қол жеткізді. Ауылшаруашылығы техникаларын сатып алып қызмет көрсетуге кооператив құрылып, бұл үшін 27,6 млн. теңге несие берілді. Жеңіл өнеркәсіп саласында кәсіп бастап, тігін цехы, аяқкиім жөндеу орталығын ашуға 11,9 млн. теңгеге 3 тұрғынға шағын несие берілді. Солардың бірі Қарлығаш Тұмарбай осы жоба бойынша 4 млн. 800 теңге несие алды.
– 2008 жылдан бастап тігін тігумен айналысамын. Үй ауласында шағын тігін шеберханасы бар. Сол жерде тұрғындардың тапсырысымен көрпе-жастық, басқа да бұйымдар жасаймын. «Ауыл аманаты» жобасының ел үшін игілігі мол. Алған несиеге мақта түтетін, матрас тігетін автоматтандырылған заманауи құрал-жабдықтар сатып алдым. Сөйтіп, кәсібімді дамытудамын, – дейді Қарлығаш Тұмарбай.
Жергілікті жұртшылықтың жағдайын жақсартуға бағытталған жобаға қатысуға тілек білдірушілердің қатары көбеюде.
Айгүл Байжұмақызы
Ақсу ауданы
Фото: aqjolgazet.kz





