2020 жыл елімізбен қоса бүкіл әлемдегі экономикалық жағдайға әсер етті. Дегенмен, осындай күрделі кезеңде өз кәсібін сақтап қана қоймай жетістікке жетіп жатқандар бар. Солардың бірі – Талдықорғандағы «Қайнар-АКБ» зауыты. Олар өткен жылы айына 330 мың аккумуляторлық батареялар өндіріп, Қазақстан бойынша рекорд жаңартты.
«Қайнар-АКБ» зауыты негізінен автомобильдерге, ауылшаруашылығы техникалары мен әскери техникаларға арналған аккумуляторлық батареялар шығарумен айналысады. Олардың бірегейлігі, аккумуляторлық батареялардың азиялық желісі мен премиум батареяларды және АGM және EFB технологиясы бойынша «START-STOP» автокөліктеріне арналған батареяларды шығаруында. Сонымен қатар, автокөліктің аккумуляторлық батареялары үшін EFB (Enhanced Flooded Battery) және AGM (Absorbed Glass Mat) сынды ең жаңа технологиялар қолданылады. Бұл өнімдер ұлттық экономиканың барлық салаларында қолданылады және қазақстандық нарықтың 80 % қамтамасыз етеді. 15 жыл бұрын бұл небәрі 20% болған. Жетістіктерінің басты формуласы – жоғары сапа, сенімділік және ыңғайлылық. Компанияның өнімдерін ішкі нарықта жақсы біледі, сондықтан олармен жұмыс жасауға ұмтылады. Мысалы, өткен жылы әскери техникаларды дайындау бойынша ұзақмерзімді келісімшарттар жасаған. Сонымен қатар, өзге де автокөлік өндірушілер зауыттың тауарларына қызығушылық танытып, құрылғыларын сатып алуда.

«Ендігі мақсат – Парсы шығанағы мен Африка елдері. Бұл нарықтарға шығудың ең қысқа жолы БАӘ арқылы», – дейді зауыт өкілдері. «Сондықтан БАӘ мен Парсы шығанағының нарығын әрі қарай бағындыру және беделімізді нығайту мақсатында Дубайда филиал ашу туралы шешім қабылдадық. Экспортқа өнім шығару материалдық табыс қана емес, Қазақстанның беделі мен имиджін одан әрі нығайту, Ұлы Дала еліне қызығушылықты арттыру», – дейді олар.
Елімізге енгізілген төтенше жағдайлар кезінде зауыт жұмысын уақытша тоқтатқан. Сонымен бірге мемлекеттік шегаралардың жабылуына байланысты өнімді уақытылы жеткізуде кедергілер болған және шикізат бағаларының тұрақсыздығы мен валюта бағамының ауытқуына байланысты сату көрсеткіші де төмендеген. Дегенмен, қазір сол олқылықтардың орнын жабуға кірісіпті. Пандемия 2020 жылғы жоспарларына әсер еткенін қарамастан 2,560 млн. дана аккумулятор өндірген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 100 мыңға артық. Тіпті, «қайнарлықтар» қазан айында миллион аккумулятордың үштен бір бөлігін бір айда өндіріп, рекорд жаңартқан. Қазіргі таңда өндіріс орны инвестициялық бағдарламаға сәйкес өндірісті 3,2 миллион данаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр екен.
Алға қойған жоспарларды жүзеге асыру үшін «Қайнар-АКБ» зауыты мемлекеттік бағдарламалар бойынша екінші деңгейлі банктерге жүгінуде. Бұл бірінші рет емес, бұған дейін де өндіріс орны банктерден кредит алып, жұмыс орнын кеңейтіп, өндірілетін өнім санын арттырған. Мысалы, тоқсаныншы жылдардың ауыр кезеңдерінде мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, кейін кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бойынша мемлекеттік бағдарламасы» аясында несие рәсімдеген. Сол уақытта ұжым Сбербанктің заңды және жеке тұлғаларға беретін мүмкіндіктері һәм ұсыныстарымен танысады. Осылайша зауыт пен банк 2008 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Сбербанкпен бірге Қазақстан Республикасының ҮИИД мемлекеттік бағдарламасына қатысып, бірінші және екінші дағдарыстардан аман-есен өткен және жетістіктерін бірге бөлісіп жүр. Зауыт Қазақстанда бірінші болып пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бағдарламасы бойынша несие алған. «Сбербанктің серіктестеріміз жұмыс істейтін халықаралық топтағы банк болуы біз үшін жақсы болды. Сонымен қатар, Ресеймен тығыз байланыс орнатылған, бұл да ақша аудару, төлемдер жасау кезінде жұмысымызды жеңілдетеді. Оның үстіне, қызмет көрсету сапасы жоғары, банк тарапынан ұсынылатын кепілдеме мен тұрақтылық серіктестігіміздің ұзақмерзімді болуына әсер етті», – дейді зауыт өкілдері.

Сонымен қатар, өндірістік инфрақұрылымдарды қаржыландыру аясында тозған кабельдік желілердің бір бөлігі ауыстырылады, өнімді сыртқы нарыққа шығаруға кеткен шығындардың бір бөлігі, ішкі және сыртқы жарнамаға кеткен шығындар және шетелге жеткізу бойынша логистикалық шығындардың бір бөлігі ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында және барлық қаржылық мәселелер Сбербанк тарапынан жүзеге асырылады. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың және Сбербанктің көмегімен өндіріс 10 есе, экспорт 12 есе, еңбек өнімділігі 25 есе өскен.
Сондай-ақ, компания болашақта қазақстандық қорғасынды шикізат күйінен дайын өнімге, яғни аккумуляторға айналдыруды жоспарлап отырмыз. Жылына 140 мың тонна қорғасыннан 10,5 миллионға жуық аккумулятор шығарылады. Бұл дегеніміз, шикізат сатқаннан дайын өнімді сату арқылы қаржылай 2-3 есе артық пайда көреді. Ұжым аккумуляторлық батареяларды өндіруде әлемдік көшбасшылар – «Варта» (Германия) және «Юасса» (Жапония) аккумуляторларымен бәсекеге қабілетті болуды да басты жоспарларының бірі деп біледі. Сондықтан, жаңа жылға жаңа жоспарлар, үлкен мақсаттармен аяқ басты.
Нұргүл САЛЫҚЖАНОВА





