Жетісу облыстық мәслихат төрағасы мен депутаттардың қатысуымен тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда Қаратал ауданының жергілікті бюджетті жоспарлау, бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуы бойынша жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды. Бұл туралы тексеру комиссиясының мүшесі Қайрат Дайырбеков айтып берді.
– Қайрат Еркінғалиұлы, жауапты тұлға ретінде Қаратал ауданында жүргізілген аудиторлық іс-шаралар туралы әңгімелеп берсеңіз?
– Мемлекеттік аудит аталған ауданның жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын 5 мемлекеттік мекемесінде жүргізілді. Онда алдыңғы жылдың қаңтарынан бастап өткен жылдың желтоқсаны аралығындағы кезең қамтылды. Жүргізілген аудиторлық іс-шара нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 3 529 171,8 мың теңгені құрады. Оның ішінде 1 978 132,4 мың теңге қаржылық бұзушылықтар (бухгалтерлік есеп бойынша қалпына келтіруге 1 969 673,5 мың теңге, орындалмаған жұмыстар бойынша қалпына келтіруге 3 627,7 мың теңге және бюджет есебіне қайтаруға жататыны 4 831,2 мың теңге). Ал 606 919,4 мың теңге бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылып, 944 120,0 мың теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған. Сонымен бірге 32 бірлік рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар орын алды.
Мемлекеттік аудитпен бюджеттік бағдарламалар бойынша шығыстардың жоспарлауын талдау барысында Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы № 95-IV Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің (бұдан әрі — Бюджет кодексі) талаптарына қайшы, бюджеттік бағдарламалар нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізуге ықпалын сипаттай отырып, жергілікті бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң әрбiр бюджеттiк бағдарламасы бойынша шығыстардың түрлерiне сәйкес есептеулер жасалмай, жалпы сомасы 944 120,0 мың теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланғаны анықталды. Сонымен бірге, мемлекеттік органдардың қызметін іске асыруға бөлінген бюджеттік қаражаттың орындалуын талдау барысында Бюджет кодексінің принциптері сақталмай, бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштеріне қол жеткізбеу нәтижесінде жалпы сомасы 606 919,4 мың теңге бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілген.
Аудиторлық іс-шараларды жүргізу барысында Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің және Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу заңнамасының нормаларын сақтамау салдарынан Қаратал ауданының мемлекеттік мекемелерінде жалпы сомасы 118 228,3 мың теңге негізгі құралдар мен материалдық активтер бухгалтерлік балансқа алынбай, активтер сомасы азайып, қаржылық есептіліктің бұрмалануына әкелінгені анықталып отыр. Бұған қоса, бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiкті жүргізу ережесінің талаптары сақталмай, жалпы сомасы 1 851 445,2 мың теңге облыстық бюджеттен кредиттер есебінен бөлінген қаражат берешек ретінде көрсетілмей, қаржылық есептің бұрмалауына және сенімсіз қаржылық есептілікті ұсынуға жол берілгені анықталды.
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 4 желтоқсанындағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» №434-V Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік сатып алу заңы) талаптары және мемлекеттік мекемелер мен мердігерлер арасында жасалған келісім-шарттың талаптарына қайшы Қаратал ауданының 3 мемлекеттік мекемелері мердігерлерден мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша қабылдаған міндеттемелерін тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) өндіріп алу қамтамасыз етілмей, мемлекеттік сатып алу заңының талаптарына сәйкес мердігерлерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап-арызбен сотқа жүгінбеген.
– Аудит барысында бұзушылықтар мен кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғаларға тиісті шара қолданылған шығар?
– Әрине! Анықталған бұзушылықтар бойынша мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымды тұлғаларының әкімшілік жауапкершілігін қарастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министірлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Жетісу облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне 5 мемлекеттік аудит объектісі бойынша жылпы саны 11 материал жолданып, 812,2 мың теңгеге айыпұл төлеу бойынша хаттама толтырылды.
– Анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктердің себеп-салдарын немен түсіндірер едіңіз?
– Анықталған бұзушылықтар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің, Азаматтық кодексінің, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бухгалтерлік есеп жүргізу қағидаларының, Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларының, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу туралы заңының және Құрылыс заңы талаптарының сақталмауы салдарынан жол беріліп отыр. Бюджет қаражаты шығындарын жоспарлау кезінде тиімділік принциптерінің сақталмауы салдарынан бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына және жоспарлануына жол берілген.
Демек, анықталған фактілер ішкі бақылаудың өз деңгейінде еместігін көрсетеді және мемлекеттік аудит объектілері қызметінің тиімділігін бағалау мүмкіндігіне айтарлықтай әсер етеді. Жоғарыда баяндалған бұзушылықтар мен кемшіліктер өңірдің қаржылық жағдайы туралы сенімсіз ақпарат беруге, активтердің мақсатсыз және тиімсіз жұмсалуына, бюджет түсімдері мен шығыстарын тиімсіз жоспарлауға, жоспарланған бюджеттік бағдарламалар бойынша тікелей немесе түпкілікті нәтижеге уақытылы қол жеткізбеуге, басқа да салдарға әкеп соқтыруы мүмкін. Отырыс қорытындысы бойынша тексеру комиссиясының қаулысы қабылданып, аудит объектілеріне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.
– Рахмет, жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Әңгімелескен Айгүл Байжұмақызы





