Жетісу облысы өз алдына шаңырақ көтергелі қаржыгерлер өндіріс ашуға көптеп ниет таныта бастады. Жоғары технологиялы жаңа өндіріс орындарын құру, сүт өнімдерін өндіру, жеміс-жидек пен көкөніс өңдеу, құс шаруашылығын өрістету, құрылыс индустриясы мен туризм салаларына да қызығып отырған шетелдік инвесторлар аз емес. Тіпті, екіжақты келісімге қол қойып, жұмыс бастағандары да, жобасын жүзеге асыруды алдағы уақытқа жоспарлап жүргендері де көп екеніне сенімдіміз.
Аймақтағы өңдеу өнеркәсібі облыс экономикасын дамытудың локомотиві деп толық сеніммен айта аламыз. Бірақ кейбір нақтылы жағдай дәл осы ойымызды дәлелдей алмай келеді. Айталық, бір ғана ауыл шаруашылығы саласына өткен жылы 14,4 млрд. теңге инвестиция тартылыпты. Алайда, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 20 пайызға төмен орындалған. Оның ішінде Ақсу, Алакөл, Қаратал, Көксу, Панфилов аудандарында 39-дан 68 пайызға дейін азайған. Сонымен қатар, Жетісудың өзен-көлдері балық шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Өкініштісі, аудан және облыстық табиғи ресурстарды реттеу басқармасы балық өнімдерін өңдеумен айналысатын әлеуетті инвесторларды тартуға көңіл бөлмей келеді.
Ең қиыны – қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігі шикізат ретінде, арзан бағада басқа өңірлерге немесе шетелге сатылады. Салдарынан өңдеу өнеркәсібінің үлесі аз. Айталық, былтыр облыс бойынша өндірілген өнімнің 20 пайызға жуығы ғана өзімізде өңделген. Нақтылап айтар болсақ, 144 мың тонна жүгері, 160 мың тонна қызылша 26 мың тонна майлы дақыл, 67 мың тонна сүт, 1,6 мың тонна ет, 23 мың тонна арпа шикізатын ғана өңдеуге қауқарымыз жетіпті. Ең қызығы, облыста құс етін және көкөніс пен жеміс-жидек, жарма дақылын өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Сондықтан аталған шикізаттарды өңдеп, ел ырысын өркендететін өндіріс орнын ашуға ниетті инвестор ауадай қажет. «Әр деңгейдегі әкімдіктер осы бағыттағы жұмысын ширату керек?» деп жиын сайын айтылғанымен әлі де қыбыр еткендер көрінбейді.
Былтыр мемлекет тарапынан жүгері, қант қызылшасы, майлы дақыл мен қарақұмық өндіруші шаруашылықтарға қайта өңдеу зауыттарына өнімдерін өткізгені үшін бюджеттен 2,7 млрд. теңге демеуқаржы бөлінген. Алайда, сол мүмкіндіктен қағылып отырған диқандардың да саны азаймай келеді. Оған кейде шаруалардың қырсыздығы мен жағдайды толық зерделемеген біліксіздігі де әсер етуде. Айталық, былтыр күзде Панфилов ауданы, Басқұншы ауылының шаруашылықтары «Жаркент крахмал-сірне» зауытына жүгерінің келесін 120 теңгеден өткізбей қойған еді. Оған: «Көктем шыға баға өсіп, пайдаға белшемізден батамыз» деген жоспарлары да әсер етпей қоймады. Есесіне биыл көктемде 1 келі жүгерінің бағасы 80 теңгеге түсіп кеткендіктен шикізатын қайда өткізерін білмей қалды. Демек, шаруашылықтар, бір жағынан, бағадан ұтылса, екінші жағынан, зауытқа өткізгені үшін бюджеттен төленетін 6 теңге субсидиядан қағылып отыр. Бұл негізінен ауылдық округ әкімдерінің шаруашылықтарға түсіндірме жұмысын өз деңгейінде жүргізбегендігінің салдары.
Инвестиция тарту аудан және қала мен ауылдық округ әкімдерінің жұмысын бағалайтын негізгі өлшемнің бірі. Ендігі кезекте әр деңгейдегі әкімдіктің жауапкершілігін қайта қарау керек. Билік пен бизнес өкілдері ынтымақтаса отырып, өндірісті өркендеуге серпін беретін игі жобаларды жүзеге асыруға ынталы болуы керек. Қалай болса да атқарылып жатқан жұмыстар елдің қамы, жердің нәрі, келешектің берік болуы үшін істелген дүниелер.
Қажет АНДАС





