Облыс әкімінің міндетін атқарушы Лаззат Тұрлашов Қытай Халық Республикасының Сычуань провинциясы халықтық саяси консультативтік кеңесі төрағасының орынбасары Гао Фэн бастап келген қытайлық делегаттармен кездесті. Ресми түрде өткен басқосуда екі тарап ауылшаруашылығы мен басқа да салалар бойынша тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, ынтымақтастықты арттыру жөніндегі меморандумға қол қойды.
Лаззат Махатұлы алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын жан-жақты әңгімелеп, инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етті. Кездесу барысында бұл өңірдің аграрлы аймақ екендігі және бұл саланы дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғаны, елдегі ауылшаруашылығы өнімдерінің он алты пайызының осы облыстың үлесінде екендігін жеткізді. Сондай-ақ, аймақта кәсіп ашып, іс жүргізгісі келетін шетелдік инвесторларға облыс тарапынан барлық жағдайдың жасалып жатқаны, инвестициялық мүмкіндіктердің мол екені, Жетісу өңірінің табиғаты тамаша аймақтардың қатарынан табылатыны, осы ретте туристік саланы өркендетуге айрықша мән беріліп, ыңғайлы жағдайлардың жасалып жатқаны назарға алынды.
Сонымен бірге аймақтың ел бойынша майбұршақ, жүгері, көкөніс, картоп, ет, жұмыртқа, жүн өндіруде алдыңғы қатардан көрініп келе жатқаны, жүзім мен сүт өндіруде екінші орын алатыны тілге тиек етілді. Өнеркәсіптік әлеуетті өркендетуге ден қойып отырған бұл аймақта екі мыңнан аса кәсіпорындар орналасқаны және оның 82 пайызының агроөнеркәсіп кешені екендігі, сүт өнімдерін шығаратын Фуд-Мастер, Суфле Қазақстан ашытқы зауыты, Данон Беркут, сусындар өндіретін Кока-Кола Ботлерс және Лджи Брендс Қазақстан сияқты ірі өндіріс ошақтарының осы өңірде жұмыс істеп келе жатқаны әңгіме арқауына айналды.
Қант қызылшасын өңдеу мен айналысатын жоғары технологиялы зауыттар құруда да, сүтті-етті мал және жылыжай шаруашылығын өркендетіп, интенсивті бау-бақша алқабын кеңейту бағытында да айтарлықтай жұмыстардың іске асырылып жатқаны, индустриалды аймақтар құрылып, жаңа жұмыс орындарының ашылып жатқаны, жалпы ел экономикасын өркендетуде қай салада болсын ілгерілеушілік бар екені, оған Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп келе жатқаны, бұған қоса мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана отырып, «Индустриалды-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы – 2020» сияқты бюджеттік бағдарламалардың рет-ретімен жүзеге асырылып келе жатқаны бүге-шігесіне дейін таныстырылды.
Сөз соңында Лаззат Махатұлы ой қорытып, жоғары технологиялы жаңа өндіріс орындарын құру, сүт өнімдерін өндіру, жеміс-жидек пен көкөніс өңдеу, құс шаруашылығын өрістету, құрылыс индустриясы мен туризм салаларын дамытуға инвесторлар тартып, олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге дайын екендіктерін және оның екі жаққа да тиімді екендігін жеткізе отырып, мұндай басқосулардың алдағы уақытта да жалғасып, жанданатынына сенім артты.
Бұдан соң Гао Фэн сөз сөйлеп, Сычуань провинциясының бүгінде жылдам өркендеп, әртүрлі сала бойынша көптеген кәсіпорын ашып, жұмыс істеп жатқанын, туристік ресурстың бай екенін, өнеркәсіп, ақпаратты технология салалары мен азық-түлік индустриясының жан-жақты дамып келе жатқанын айтып берді.
Ендігі кезекте ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау, техника, мәдениет, спорт, сауда, экономиканың басқа да салалары бойынша бірлесе жұмыс істеп, әріптестікті нығайтудың болашақ үшін маңызды орын алатындығын айтып, достық байланысты ұлғайтуға әзір екендіктерін жеткізді. Жылы жүздесуден соң қос тарап ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандумға қол қойды.
Айгүл Байбосынова.





