ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Сыртқы істер министрі – Премьер-министрдің орынбасары Мұхтар Тілеуберді, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаров, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов баяндама жасады.
Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында экономикалық белсенділікті қолдау және халықты жұмыспен қамтамасыз ету, салық және бюджет саясатын жетілдіру, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау, білім беру жүйелерін дамыту жөніндегі шаралар әзірленді. Үкімет мұнай-газ химиясын, электр энергетикасын, су ресурстарын басқаруды, «Жасыл Қазақстан» экологиясын және басқа да салаларды дамыту жөніндегі ұлттық жобаларды дайындайды.
Барлық баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр Асқар Мамин:
– Құрылымдық және ынталандыру шаралары халық пен бизнесті жан-жақты қолдауды, олардың жаңа жағдайларға бейімделуін, сондай-ақ, экономикалық белсенділікті жандандыруды қамтамасыз етуі тиіс. Жаңа шынайылық жағдайында шикізаттық емес экспортты проактивті ілгерілетуге және инвестицияларды нысаналы тартуға бағдарланған өзін-өзі қамтамасыз ете алатын және әртараптандырылған экономиканы дамытуға назар аударуымыз қажет. Шағын және орта бизнес экономиканы дамытуға қарқын беруі тиіс, – деді.
Үкімет басшысы денсаулық сақтау, білім беру жүйелерін және нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды. Премьер-Министр Үкіметтің 2021 жылғы негізгі мақсаты – экономикалық өсімді 3 пайызға қамтамасыз ету, негізгі капиталға салынатын инвестицияларды ЖІӨ-нің 20 пайызына дейін және шағын және орта бизнес үлесін 30 пайызға дейін ұлғайту, ауылшаруашылығындағы еңбек өнімділігін 1,4 есе арттыру, өңдеу өнеркәсібін 10 пайызға өсіру, жұмыссыздықты 4,9 пайызға дейін қысқарту екенін атап өтті.
А. Мамин Ұлттық экономика министрлігіне екі күн мерзімде Премьер-Министр кеңсесіне Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі жол картасының жобасын енгізуді тапсырды.
– Басты міндет – азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту және табысын арттыру. Ауқымды жұмыс істеу керек. Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын жедел әрі нәтижелі түрде орындау қажет, – деп қорытындылады Үкімет отырысын Премьер-Министр.
Еңлік АРЫҚБАЙ





