Кеген ауданындағы облыстық маңызы бар Жалаңаш ауылына баратын күре жолдағы бұрылыстан Алғабас ауылына дейінгі 18 шақырым жол және одан бөлек осы округ аумағындағы Жіңішке ауылына дейінгі 16 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жұмыстары басталып кетті.
Жалпы, 34 шақырым жол заман талабына сай ретке келеді. Бұл Алғабас ауылдық округі тұрғындарының көптен бері айтылып келе жатқан орынды ұсыныс-тілегі болатын. Республикалық маңызы бар Жалаңаш ауылына баратын жолдың бұрылысынан Алғабас ауылына дейінгі жолды жасау жұмыстарын «Алматы жолдары» ЖШС ұтып алып, іске кірісті.
Бюджеттен биылғы жылға 89 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр. Алғабас ауылынан Жіңішке ауылына дейінгі 16 шақырым жолды «Каздоринновация» ЖШС-нің ұжымы жасайтын болады. Бұл жолға бюджеттен 133 миллион теңге бөлінді. Жолдарды орташа жөндеу жұмыстары биыл басталып, келесі жылы толығымен аяқталады.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы,
Алматы облысы





