Кеген, Райымбек аудандарының тұрғындары республикалық маңызы бар жолды жауып, наразылық білдірді.
Осы жайтқа байланысты Алматы облысының әкімдігі түсініктеме берді. «Көкпек – Кеген – Түп» автомобиль жолының 57-нші шақырымында Кеген және Райымбек аудандарының тұрғындары жиналып, жол сапасына наразылық білдірді. Тұрғындармен кездесуге Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облысы филиалының өкілдері келді. Жиналған халық былтыр басталған жолды жөндеу жұмыстары аяқсыз қалғанын алға тартып, шағымдарын жеткізді. «Республикалық жолдың құрылысына салғырт қараған мердігер мекеме жазықсыз деп танылып, 22 шілдеде мемлекеттік конкурс жұмыстары тағы басталды. «Қазавтожол» өкілдерінің сөзінше, негізгі жұмыс басталғанға дейін жол грейдермен тегістеліп отырады. Бұл шешім тұрғындардың талабына сай келеді. Сондай-ақ, «Қазавтожол» өкілдері конкурстық жұмыстар аяқталып, негізгі жол құрылысы тамыз айының ортасында басталатынын айтты», — делінген Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»





