Облыстың 16 мыңнан астам кәсіпкеріне мемлекеттің қаржылай емес қолдауы көрсетілді. Қаржылай емес қолдау өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызметінің басым бағыттарының бірі саналады.
«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы ақысыз қаржылай емес қолдау көрсетіледі. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметов өткен жылы өңірдің 16 мыңнан астам кәсіпкеріне 17,5 мың сервистік және кеңес беру қызметі көрсетілгенін айтты. Кәсіпкерлер негізінен жеке кәсіпкерлік ашу, бизнес-жоспарды әзірлеу, бухгалтерлік есепті тапсыру сияқты қызметтерге жүгінген. Кәсіпкерлер палатасы менеджерлерінің қолдауының арқасында 1,3 мың жоба мемлекеттік қолдау құралдары аясында қаржыландырылған.
– Кәсіпкерлерге қажетті барлық қызмет ақысыз болып табылады. Қызмет түрлері облыс қалалары мен аудандарында орналасқан кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында қолжетімді. Карантиннің енгізілуіне байланысты қызметтердің басым бөлігі онлайн режимде көрсетілген. Сонымен бірге, кәсіпкерлер «g4b.kz» сайтына өтінім беру арқылы қызметтердің бәрін толық көлемде ала алады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Әсет Шаяхметов.
Сондай-ақ, кәсіпкерлер палатасының менеджерлері жалпы сомасы 50 млрд. теңгеге жуық қаражатты құрайтын 529 бизнес-жоспар әзірледі. Оның ішінде 5,2 млрд. теңгенің 153 жобасы іске асырылды.
«Бизнес мектеп» компонентіне қатысу нәтижесінде 1240 адам кәсіпкерлік саласындағы өз құзыреттерін арттырды. Курс кәсіпкерлерді кәсіпкерлік қызметті жүргізу мен дамытудың бағыттары бойынша қысқамерзімді оқытуды қамтиды. Өткен жылы оқыту қашықтан өткізілді. Жоба бойынша оқытылғандардың ішінен жалпы сомасы 633 млн. теңгеге 162 жоба іске асырылды.
Өңір кәсіпкерлері «Аға сеньорлар» жобасына да қатысты.
Ұйғыр ауданындағы «Көк Тұмар» ЖШС ауылшаруашылығы кешеніне, Қапшағай қаласынан ірі қара мал мен буйволдарды өсіру бойынша «BaiQonys» ЖШС және Алакөл ауданында асыл тұқымды ірі қара малды өсіру және өсімін молайту бойынша «DiQanBeef» ЖШС-іне отандық сарапшылар шақырылды. Олар кәсіпорындардың басшылығына және қызметкерлерге басқарудың жаңа әдістерін енгізу, өндіріс технологиялары, жабдықтар және персоналды оқыту мәселелері бойынша жан-жақты кеңес берді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





