Алматы облысы дәстүрлі ауылшаруашылығы аймағынан аграрлы-индустриалды орталыққа айналуда. Бұл үрдісте, әсіресе, Алматы қаласының іргесіндегі Іле ауданының орны ерекше.
Бүгіндері мұнда 8 ірі, соның ішінде 6 жүйе құраушы кәсіпорын, 20-дан аса орта дәрежедегі өндіріс орындары жұмыс жасауда.
Өңір дамуының тағы бір көрсеткіші – инвестиция дейтін болсақ, биыл аудан экономикасына 133,7 млрд.теңге инвестиция құйылады деп күтілуде. Солардың қатарында «Сокол» спорттық-техникалық кешені мен «FRUITART» зауытының бірінші кезеңі іске қосылады деп жоспарлануда. Халықаралық раллилер өткізуге лайықтап жасалынған «Сокол» спорттық-техникалық кешені аумағымен де, сәулет-салтанатымен де көңілге қуаныш ұялатады.
Қазіргі уақытта «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізу жұмыстары аяқталуда. Бұл жоба жүзеге асқанда аудан, облыс қана емес, еліміздің экспортқа ет шығару әлеуеті әлдеқайда артатыны түсінікті.
Мұнай мен газ қоры мол бола отырып, сол байлықтың игілігін толық көре алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында елімізде Каспий мұнай құбыры консорциумының аясында «Лукойл» мотор майларын шығару зауыты іске қосылған болатын. Іле ауданына қарасты Байсерке ауылдық округінің аумағында орналасқан ірі кәсіпорын құрылысы 2017 жылы басталып, 2019 жылы пайдалануға берілген. Бұл жоба Каспий аумағындағы «Қарашығанақ» және «Теңіз» кен орындарын дамытуға соны серпін береді деп күтілуде.
Еліміздегі алып мегаполис – Алматының іргесінде орналасқан Іле ауданы осылайша облыстың индустриясы дамыған аймағына айналуда. Төрт түлік пен шикізатқа тәуелді болмай, өндіріс және өңдеу өнеркәсібі дамыған іргелі ауданның ізгі қадамдары өзге өңірлерге үлгі болса игі.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Іле ауданы,
Алматы облысы





