Ертеден қант қызылшасымен танылған Көксу ауданының бүгінгі бет-бейнесі, халқының әлеуметтік тұрмыс жағдайы біршама жақсарған. Оны еліміздің даму көрсеткіштеріне қосқан үлесі арқылы да бағамдауға болады. Атқарылған істің ауқымы кең. Әсіресе құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, көксулық тұрғындармен кездесті.
ЖЕТІСТІК ЖЕЛПІНТЕДІ
Аймақ басшысы жұмыс сапарын тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдаудан бастады. Мұнда аудан тұрғындары баспана мәселесін көтерді. Облыс әкімі бұл сұрақтардың шешімін жауапты сала мамандарына заң аясында шешуді тапсырды.
Мұнан кейін Бейбіт Өксікбайұлы аудандық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, жергілікті жердегі өзекті мәселелердің шешілу барысы жайында баяндама жасады. Облыс аграрлық аймақ болғандықтан ауыл шаруашылығын дамыту мен өңдеу өнеркәсібін қолдау басты назарда тұрған мәселенің бірі. Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға биыл 64,2 миллиард теңге бөлінген. Мал басы 2,3 миллионға жеткен. Мұны 2023 жылғы деңгеймен салыстырсақ, 10 пайызға артық. Егіс көлемі 2025 жылы 511 мың гектарды құрап, 1,8 миллион тонна өнім жиналған.
– Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 512 мың гектарға себіліп, егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,1 мың гектарға ұлғайтылды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 106 пайыз өсіммен 514 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. 2025-2027 жылдары облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 94 миллиард теңгені құрайтын 23 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның екі жобасы Көксу ауданына тиесілі. Біріншісі – Көксу қант зауыты, инвестиция көлемі 28 миллиард теңгеден асады. Нәтижесінде жалпы қуаттылығы 500 мың тоннаға дейін өнім өңдей алады. Екіншісі, құс өсіріп, ет өңдейтін «Белес-Агро» кәсіпорны салынуда. Оның жылдық қуаттылығы – 15 мың тонна құс еті, инвестиция көлемі – 14 миллиард теңге. Ауданның жер қорынан 328 гектар бөлінді. Инвесторлармен бірлесіп, Ақсу қант зауытының өндірістік қуатын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Инвестиция көлемі – 25 миллиард теңгеден асады. Нәтижесінде жалпы қуаттылық 450 мың тоннаға дейін өнім өңдейтін болады. Ал Панфилов ауданында жылдық қуаттылығы 3,6 мың тонна құс етін өндіретін «SSA Poultry Farm Central Asia» кәсіпорнын салу жоспарлануда, – деді облыс әкімі.
Аймақта жүзеге асып жатқан бастамалардың бірі ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтіру. Биыл 9 ірі жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 3,2 мың гектар жаңа жер суармалы сумен қамтамасыз етіледі. Сөйтіп, 34,3 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы толықтай су алады. Оның ішінде Ислам Даму Банкінің қаражаты есебінен жалпы құны 23 миллиард теңгені құрайтын «Көксу ауданының суару желілерін қайта жаңарту» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба толық аяқталғаннан кейін 16 мың гектарға жуық жердің сумен қамтылуы жақсарады.
Сөз арасында аймақ басшысы облыстағы жол мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, 2-3 жыл көлемінде ауыл ішіндегі жолдар толықтай жасалады. Оған дейін республикалық, Талдықорған қаласындағы жолдар заман талабына сай болмақ.
– 2025 жылдан бастап Алматы – Талдықорған автожолының осы аудандағы Қызылтоғаннан Жамбыл ауылына дейінгі 21 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілуде. Жоба биыл толық аяқталады. Сонымен қатар Талдықорған айналма жолын қайта жаңарту және Шеңгелді – Қызылтоған жолына орташа жөндеу жұмыстары басталды. Биыл Талдықорған – Үштөбе бағытындағы 40 шақырым жолды орташа жөндеу қолға алынды. Соның нәтижесінде облыстық маңызы бар жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 96 пайызға жетеді. Бұл республикадағы ең жоғарғы көрсеткіштің бірі. Біз республикалық және облыстық жолдардың жағдайын жақсарттық. Енді ауылішілік жолдарды жөндейміз, – деді облыс басшысы.
ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ АРТУДА
Соңғы 3 жылда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы 276 нысан жаңартылған. Оның ішінде 2025 жылы 67 денсаулық сақтау нысаны салынып, білім саласында 3 мектеп бой көтеріп, мәдениет және спорт саласындағы 16 нысан пайдалануға берілген. 14 әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Көксу ауданында да 20 әлеуметтік нысан жөнделіп, ел игілігіне берілді. Соның ішінде былтыр Қызылтоған, Бесқайнар, Жетіжал және Қаратал ауылдарында медициналық нысандар қолданысқа берілсе, З. Тамшыбай ауылының дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өтті. Медицина саласында 10 жылдан аса уақыт қызмет еткен бас дәрігер Мөлдір Шынжырбайдың айтуынша, Кеңарал, Бесқайнар, З. Тамшыбай ауылының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуге барлық жағдай қарастырылған. Мекемеде 1 дәрігер, 8 орта медициналық қызметкер еңбек етеді. Олар күніне шамамен 25-30 адамға қызмет көрсетеді. Оның сыртында денсаулығына байланысты 10 шақты науқасқа «Жедел жәрдем» көлігімен барып, ем-дом жасайды.
Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мырзагелді Қожабергенов жасалып жатқан жайлы жағдай үшін ел азаматтарына алғыс айтып, жауапты мамандардан ғимаратқа көгілдір отын қосып беруді сұрады.
«МегаСервис» фирмасының архитекторы Жанғали Сүлейменов ғимараттың ішкі, сыртқы құрылысына, әрлендіру, абаттандыру жұмыстарына 139 миллион теңге қаржы бөлінгенін, нысан белгіленген уақытта сапалы аяқталғанын айтты.
Бесқайнар ауылында да жаңа типтегі дәрігерлік амбулатория халыққа тұрақты қызмет көрсетуде.
– Құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы. Өткен жылы жалпы облыста 3 807 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, биыл 3 мыңнан астам отбасы баспаналы болады. Ауданда 2025 жылы 90 баспана берілсе, биыл 190 отбасы қоныстойын тойламақ. Ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де біздің тұрақты бақылауымызда. Қазіргі таңда облыстағы 329 елді мекен таза ауызсумен қамтылған. Былтыр 4 ауыл орталықтандырылған ауызсуға қосылды. Биыл 10 елді мекенде жұмыс жүргізілуде, жыл соңына дейін 4 елді мекенде аяқталады. Газдандыру бағытында да ауқымды жұмыс атқарылуда. Өткен жылы «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталып, Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 84 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жеке инвестициялар есебінен жалпы құны 88 миллиард теңге болатын жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді. Дәулет Кенжеханұлы, аудан облыста алғашқы болып 100% газдандырылған болатын, алайда тұрғын үйлерді газға қосу деңгейі 52,2 пайыздан аспай тұр. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын. Халықтың көгілдір отынға қосылуы үшін барлық мүмкіндікті қарастырып, көмектесіңіздер, – деді Бейбіт Өксікбайұлы.
Облыс әкімі кездесуде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын да сөз етті. Балпық би ауылындағы саябақты күрделі жөндеу жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Саябақты суару жүйесімен қамтамасыз етіп, абаттандыру жұмыстарын қатаң бақылауға алуды жүктеді.
Жалпы облыста 74 гектар болатын Талдықорған қаласында «Тасбақа», Текелі қаласында «Серкесай» және Сарқан қаласында «Қойтас» эко-парк құрылады.
ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС НӘТИЖЕЛІ
Келелі жиында аудан әкімі Дәулет Халелов өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Өткен жылы облыс әкімінің халықпен кездесуінде көтерілген сын-ескертпелер бойынша жұмыс жүргізілгенін, кемшіліктерді қалпына келтіру қарекеті барын тілге тиек етті.
– Ауыл шаруашылығында өнім көлемі 38,8 миллиард теңгені құраса, өнеркәсіпте 37,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында ауданда 4,5 мыңға жуық бизнес субъектілері бар. Бюджетке 3,8 миллиард теңге салық түсті. Аудан халқына 16,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал ветеринариялық қызметтің сапасын арттыру мақсатында соңғы 3 жылда 8 ауылда модульді ветеринариялық пункт салынды. Ауданда 5 кәсіпорында жұмыс атқарылып, 8,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 69,6 пайызға артты. Көксу өзеніндегі ГЭС құрылысының жобасы бойынша құрылыс қарқынды атқарылуда. Құрылыс қазан айында аяқталады, – деді аудан басшысы.
Көксулықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан 4,9 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылған. Бүгінде ауданда екі 60 пәтерлі несиелік үйдің құрылысы жүргізілуде. Аудандық құрылыс сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан Егінбаев бүгінде істің 70 пайызы біткенін айтты. Қыркүйек айында пайдалануға берілетін баспананың құрылысымен «СЕМ Шоғы құрылыс» ЖШС-і айналысуда.
Бозтоған ауылы Мұсабек орта мектебі ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мектеп директоры Шолпан Нұрғазинованың айтуынша, білім ошағында 57 мұғалім қызмет етіп, 470 бала білім алады. Күрделі жөндеуден өткен нысан заман талабына сай жасалған. Барлық пәндік сынып қажетті құрал-жабдықпен қамтылған. Құрылыс жұмыстарын жүргізген компания өкілі Сәкен Сәбитов нысанға 1,5 миллиард теңге қаржы бөлінгенін, құрылыс өз мерзімінде толық аяқталғанын айтты. Мектептің қасбеті, шатыры, терезесі ауыстырылып, ішкі жұмыстары заман талабына сай жаңартылған.
– Қаланың мектебімен пара-пар мектеп ауылымызда да бар. Қызым 11-сыныпты «Алтын белгімен» бітірді. Оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Осындай мүмкіндік берген Мемлекет басшысына, облыс, аудан әкімдеріне аналық жүрегіммен алғыс айтамын, – дейді ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Арайлым Жұманова.
Аудан әкімінің сөзінше, биыл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 42,6 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 21 жобаға өтінім түсіп, жоспарланған 6 кооперативтің үшеуі құрылған. Аталған бағдарлама бойынша жеке кәсіпкер Ақерке Жарқынның бастаған ісін тілге тиек етуге болады. Кәсіптің көзін тапқан ол кілем жуатын орталық ашқан. Кәсіпкердің айтуынша, бағдарлама негізінде 2,5 пайызбен 8 миллион теңге алып, 2 аппарат алған. Кілемнің шаршы метріне байланысты 500-550 теңгеден қабылдайды. Отбасылық кәсіпте 6 адам еңбек етеді. Аудан тұрғындарына қолайлы болу үшін жеткізу қызметін тегін ұйымдастырған.
Әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін 70 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Осы тұрғын үйлерді сатып алуға бюджеттен 1,3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Былтыр Балпық би ауылында әлеуметтік сала қызметкерлері мен жас мамандарға 20 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген. Әлеуметтік осал топтағы отбасыларға 8 елді мекеннен 90 тұрғын үй сатып алынып, бүгінде 49 отбасы үйлі болды.
– Аудан тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. 34 елді мекеннің газдандыруға жататын 26 ауылы толықтай орталықтандырылған газ жүйесіне қосылды. Денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында соңғы 2 жылда 6 санитарлық автокөлік сатып алдық. Ауданда дәрігер тапшылығын шешу мақсатында ауылға барған 5 дәрігерге біржолғы әлеуметтік төлем төленді. Биыл «Еңбек» порталы арқылы 1 жалпы тәжірибелі дәрігер жұмысқа келді. Соңғы 3 жылда «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 40 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілді, – деген аудан әкімі былтырғы кездесуде ауданға қатысты жіберілген кемшіліктер түзетілгенін айтты.
Өнімді қайта өңдеу – уақыт талабы. Сондықтан инвестор тартып, өндіріс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту, заманауи технологияларды енгізу де кезек күттірмей, іске асуы тиіс. Бұл Бейбіт Исабаевтың аудан әкімі Дәулет Халеловке берген нақты тапсырмасы. Облыс әкімі өз сөзінде бөлінген бюджет қаражатын тиімді игеріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы орын алған кемшіліктерді жою жөнінде нақты шаралар қабылдауды міндеттеді.
Еңлік Кенебай
Көксу ауданы





