ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су ресурстарын басқару жүйесін дамыту, шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі қолдау мәселелері талқыланды.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 20 жаңа су қоймасын салу және 15 жұмыс істеп тұрған су қоймасын реконструкциялау, 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту жұмыстары атқарылатынын айтты. Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылатынын жеткізді.
Премьер-Министрдің айтуынша, суды тиімді пайдалану – аса маңызды міндеттердің бірі, сол үшін ұсынылып отырған тұжырымдама осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады. Сонымен қатар, Үкімет басшысы 1 ай мерзімде отандық су үнемдеу жабдықтарының өндірісін ұйымдастыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесі бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Министр бүгінде «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіруді көздейтін Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жөніндегі бағдарламаның әзірленгенін атап өтті. Бағдарламада бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға баса назар аударылды. Жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар үшін жүзеге асырылады.
Үкімет басшысы отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 36,5 пайызға дейін өскені байқалды. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін өсуі керек. Бұдан бөлек, салықтық ынталандыру аясында былтырдан бері 4 пайыз ставкамен бөлшек салық режимі енгізілді. Еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілгеннен бастап шағын және орта бкәсіпке жалпы қаржылық жүктеме 34,5 пайыздан 20 пайызға дейін төмендеді.
Премьер-Министрдің айтуынша, жүйе құраушы ірі кәсіпорындардың айналасында отандық кәсіпкерліктің жұмыс істеуі үшін жағдай жасалуы тиіс. Жаңа өндірістерді локализациялауға және оларды ашуға ықпал ететін офтейк-келісімшарттарды белсендірек пайдаланған жөн. Өз кезегінде офсеттік шарттарды қолдану технологиялар трансфертіне және қосымша инвестиция тартуға ықпал етеді.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: sondurakumrantip.com





