ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын тыңдадым. Мемлекет басшысы Қазақстанды құру үшін айқындалған негізгі бағыттармен бірге халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруға баса назар аударып отыр.
Жолдауда көрініс тапқан ауқымды реформалар, оның ішінде, зейнетақы және білім беру жүйесі, төменгі жалақы деңгейін көтеру, медициналық қызмет, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау, Ұлттық қор табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару және басқалар бойынша шешімдер қалың жұртшылықтың ойынан шықты.
Мысалы, ел Президенті қазақстандықтарды толғандырған зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар кешенін ұсынды. Себебі, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданған зейнетақы жүйесіндегі ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп қысқаруда. Өйткені, оны тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни, жинақтаушы жүйесі енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі ескерілді. Осыған байланысты ел Президенті: «Біз зейнетақы жүйесін де қайта жаңғыртамыз. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет», — деді.
Ұсынылып отырған бұл қадам бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға арттыруға (яғни, 3 жыл ішінде зейнетақы — 109-дан 138 мың теңгеге көбеймек) және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын көбейтуге мүмкіндік береді. Осылайша, қарт адамдар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу бойынша міндеттемелер қабылданады. «Сондай-ақ, әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз», — деп 2 миллион зейнеткерге қатысты мәселенің шешімін тауып, әділдік орнады.
Одан басқа еліміздегі ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру 1,8 миллион азаматтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететіні анық.
Ең бастысы, Жолдауда айтылғандай, халықтың әлеуметтік жағдайы мемлекеттің басты назарында қала бермек. Айтылған жайттардың түп мақсаты – жұрттың тұрмысын жақсарту, әл-ауқатын арттыру. Бұл қазіргі орын алып отырған күрделі кезеңде болашаққа деген сенімді ұлғайтады.
Балқия ШӨМШЕКОВА,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қауымдастырылған профессоры (доцент),
экономика ғылымдарының кандидаты





