Жаз мезгілі қысқы мал азығын дайындауға өте қолайлы кезең. Осыны білетін шаруалар жемшөп қорын ерте кезден әзірлеуге кірісті. Шөп дайындау – әрине, оңай шаруа емес. Ауа райының ашық күндерінде шөпті шауып, оның нәрі түгелдей жойылып кетпей тұрғанда жинап алу қажет. Әдетте мал азығын дайындау маусым, шілде айларында жүреді. Осы уақыт аралығында үлгермей қалсаң, әрі қарай шөп қурап, бойындағы нәрі азаяды. Бұл істе, әсіресе, жаздың аптап ыстығына қарамастан дала төсін дүбірге бөлеп, маңдай терлете еңбектеніп жүрген шаруалардың атқарып жүрген жұмысы жоғары бағаға лайық деуге болады. Дала төсін дүбірге бөлеген шөп шабу науқаны қазір Жетісу жерінде қыза түсті.
Айта кетейік, егіс алқаптарын әртараптандыру саясатына сәйкес, аймақтағы егіс құрылымында мал азығы дақылдары 17,8 мың гектарға ұлғайды. Жоспар бойынша биыл 2842,2 мың тонна шөп әзірлеу қажет. Соның бүгінде 124,9 мың тоннасы, яғни 8,6 пайызы дайын. Сонымен бірге пішендеме, сабан, жемдік азық, сүрлем әзірлеу жұмыстары да талапқа сай жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, науқан күзге дейін жалғасып, осы мезгілдің ортасында аяқталады. Осы ретте тілшілеріміз өз өңірлерінде шөп шабу науқанының қалай жүріп жатқанын білу үшін алқап басына барып, шаруалармен тілдесіп қайтты.
ЖАМБЫЛ ауданы аумағынан өтетін Алматы – Бішкек күре жол бойындағы ауылшаруашылығына арналған жер телімінен техникалардың қарасы байқалды, солай қарай бұрылдық. Жоңышқа алқабының бір шетінде жылжымалы дала қосыны құрылыпты. Маңында шөп тайлайтын агрегатын тіркеген екі трактор тұр. Байқауымызша, бірінші шабыстың жартысынан астамын еңсеріп тастаған сыңайлы. Осынша жерді тақырлап орып, қылпығын қалдырмай жинап әкетіпті. Қалған бөлігін алыста бір трактор орып, бөкеске салып жатыр. Қосын жанындағы қос техника енді соны тайламақ. Соңғы үлгідегі «Беларусьтің» қасында қолына бұрандалы кілт ұстаған ел ағасы жасындағы азаматты жолықтырдық. Өзін Төлеген Еспаев деп таныстырды. Айтуынша, ол бірер жылда зейнеткерлікке шығады. Ауылшаруашылығы саласында техника тізгіндегеніне биыл 43 жыл болыпты. Жас кезінде «ЗиЛ», «ГАЗ» маркалы жүк көліктерін жүргізген. Одан кейін трактор, комбайн сияқты әртүрлі техникаларда жұмыс істеп, дала шаруасына жегілетін барлық техниканы жетік меңгерген. Жүргізуін де, жөндеуін де өзі атқара береді. Техниканың тілін бес саусағындай білетін білікті маманды шаруашылық басшылары қадірлейді. Алақанына май сіңіп, маңдайы күнге қақталған еңбек адамы айналасына сыйлы. Өзінен кейінгілерге үйретері мол. Төлеген аға Талғар ауданында тұрады. Екі ұлдан үш немере сүйіпті. Үлкен ұлы Саид Қапшағайда, ал Марат Алматыда жұмыс істейді.
– Иә, мамандығым өзіме ұнайды. Содан ғой осыншама жыл қол үзбегенім. Бір қынжыларым, қазіргі жастар механизаторлыққа құлықсыз. Енді арасында бірен-сараны ғана болмаса. Мына трактордың бірін Бақытжан деген жігіт жүргізеді. Білгенімді оған үйретемін, – деді ол.
Өздеріңіз білетіндей, биылғы ауа райы құрғақ болып тұр. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мамандары алдағы қысқа қажетті жемшөп қорын дайындау ісі қиын болып тұрғанын растайды. Көктемде жаңбыр болмағандықтан шалғыға ілінер шабындық мардымсыз. Ауданның бас агрономы Қайрат Тойшыбековтің сөзінше, бұдан шығудың жолы іздестірілуде. Соның бірі – Балқаш ауданынан қамыс-құрақ орудың мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
БАЛҚАШ ауданында да шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Өңірде егін егумен тұрақты айналысатын ірілі-ұсақты 11 шаруашылыққа тиесілі 12 730 гектар суармалы жерде көпжылдық шөп өсіріледі. Аталған егістік алқабындағы көпжылдық шөптің бүгінде 5 676 гектары шабылса, 2 666 гектары бастырылып, әзірге 2740 тонна шөп дайындалды. Көк шалғынға шалғы салған пішеншілердің жұмысын көзбен көру үшін аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқановпен бірге Ақдала ауылдық округіне қарасты «Бауыржан-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы барып қайттық. Біз атбасын бұрған шаруашылықтың механизаторлары Айбол Тазабеков, Мәди Дүйсенбеков, Алмаз Төлепбергеновтер қызу жұмыс үстінде.
Сонымен қатар, егіс алқабындағы су деңгейін тексеру мақсатында егіс алқаптарын аралап жүрген «Балқаш ирригация» мекемесінің мұрабы Азат Балқыбековты сол жерден кездестірдік. Қызу еңбектің көрігін қыздырып жүрген пішеншілердің жағдайымен жақын танысқан Бүркіт Мұқанов жаңа оралған орама шөптің сапасына ерекше мән беріп, балауса шөптің құнарлылығы жөнінде әңгіме өрбітті.
«Бауыржан-7» ЖШС директоры Талғат Сұлтановпен әңгіме барысында білгеніміздей, ол шөп шабу жұмыстарын маусым айының алғашқы онкүндігінде қолға алыпты. Өзі басшылық етіп отырған шаруашылыққа қарасты 540 гектар суармалы жердің 180 гектарына көпжылдық шөп өсірілсе, оның 145 гектары шабылып, 90 гектары бастырылған. Жұмыс қарқынын жеделдету мақсатында шөп шабатын 2 германка, 3 «МТЗ» тракторларына орама тіркесе, шөп тиегіш, шөп таситын тракторлары да бар. Шөп ору науқанына қажетті техникалардың жанар-жағармайы мен қосалқы бөлшектері жеткілікті. Тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген 26 адам аудан азаматтары.
Егін егумен қоса мал шаруашылығын меңгерген шаруашылық жыл сайын 1000 орама шөпті қысқы мал азығы ретінде маяға жинаса, артылғанын шаруашылық қажетіне жаратып, шұрайлы жердің байлығын пайдаға асырып жүрген жайы бар. Осы орайда, шөп шабу науқанында жүйелі жұмыс атқарып жүрген шаруашылықтарды атап өтер болсақ, алдыңғы орындарда Агрофирма «Бірлік», «Тамшыбұлақ», «Өтес-Ақдала» ЖШС мен «Динара» ӨК және «Марат» ШҚ көш бастап тұр.
КЕРБҰЛАҚ ауданының шаруалары да бұл іске барынша кірісті.
Өңір бойынша 189 мың тонна шөп әзірлеу керек. Қалай болғанда да, жаздың қолайлы сәтін тиімді пайдаланған жөн. Осыны білетін Сарыбастау ауылдық округіндегі «Қызылшоқы» ЖШС пішеншілері алғашқылардың бірі болып шабындыққа орақ салды. Басшысы Алдан Ботайұлы 300 гектар алқаптағы мал азығын дайындау үшін эспарцет шөбін шабуды бастады. Бүгінгі күнге 70-80 гектар шөп шабылған, гектарынан 8-9 тоннадан шөп жиналуда. Науқандық жұмысқа 6 адамды тартып, 5 трактор, 2 шөп бұрғыш, 1 «КамАЗ» автокөлігімен кіріскен серіктестік 177 бума шөпті дайындап та үлгеріпті. Аудан бойынша биыл 189 мың тонна шөп, 49 700 тонна сабан, 32 400 тонна пішендеме, 30 300 тонна мал азықтық жем жинау көзделуде. Бүгінгі таңда 25 мың тонна шөп жиналған.
Айта кетейік, биыл ауданда 112 910 гектар егістік жерді игеру жоспарланып, 26 085 гектарына күздік бидай себілген. Бүгінгі күнге 26 085 гектар алқап толық тырмаланды. Одан бөлек, 70 563 гектарға жаздық дәнді дақылдар, 2 640 гектарға картоп, 250 гектар жерге қант қызылшасын себу көзделген. Қазіргі таңда өңірде жаздық дәнді дақылдарды себу жұмысы аяқталды. Бүгінде
70 563 гектар алқапқа жаздық дәнді дақылдар, 2 640 гектарға картоп, 250 гектарға қант қызылшасы, 1840 гектарға майлы дақыл және 569 гектар алқапқа бақша дақылдары мен көкөністер толық егілді. Сондай-ақ, биылғы егістік алқаптарына қажетті минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерге сұраныстар мен өтінімдер беріліп, аудандағы шаруашылық құрылымдарын тұқым дәрілейтін улы химикаттармен, пестицидтермен, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
ҚАРАТАЛ ауданындағы шаруалар да шөп шабу, қыстық мал азығын әзірлеу қамына қызу кірісті. Ауылдағы ағайын шөп қылтия шабындық іздеп, маусым айының басынан шөп шабуды бастады.
– Қаратал ауданында биыл 2252 жерге көпжылдық шөп егілді. Былтыр егілген 4005 гектар жоңышқаны шабу жұмысы қарқынды жүруде. Бірінші шабындықта гектар берекелілігі 60 центнерден айналды. Қазіргі таңда 350 гектар жерге орақ түсіп, қысқы мал азығы әзірленуде. Шөп шабу науқаны жалғасуда, – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалым Увалиев.
Оның айтуынша, шаруашылық иелері мал азығын дайындауды басты назарға алған. Пішеншілер қазірдің өзінде әжептеуір шөп жинап алды. «Шөбі көптің – көңілі тоқ» демекші, биыл өңір шабындықтарындағы шөптің өсуі тәуір-ақ. Көктемдегі жауын-шашыннан жер ылғалды болып, шөптің жайқала өсуіне септігін тигізген. Айту би ауылдық округіне қарасты «Ұлан» шаруа қожалығында 150 гектар жер бар. Соның 60 гектарына жүгері, 30 гектарына қант қызылшасы, 20 гектарына жоңышқа егіледі.
– Шалғынға орақ салып, шөп жинауды қыздырудамыз. Шөп шығымы жақсы. Жоңышқа ауылшаруашылығы техникасымен орылып, шетінен бастырылуда. Қазірдің өзінде шөп тайлағыш техника көмегімен 2 мың тай шөп әзірленді. Қожалық негізінен қызылша егіп, жинауға арналған техникалармен қамтылды. Шөп шабуға қажетті техниканы жалдаймыз. Шөпті шапқаны үшін әр гектарына 10 мың теңге алады. Шөпті қалап, жинағаны үшін жұмысшыларға әр тай шөп үшін 50 теңгеден төлейміз. Шөпті сатып алуға ниет білдірген азаматтар көп, әр тай шөпті 800-1000 теңгеге алып кетеді, – дейді «Ұлан» шаруа қожалығының басшысы Айымгүл Қошқарбаева.
Соңғы жылдары шөптің бағасы едәуір өскен. Сондықтан болар, қолында азын-аулақ малы бар жандар пішен шабуға келгенде арық бойындағы қамыс-құрақты да ауласына тасып алады. Шаруалар шабылған шөпті шабындық басында кептіріп, қора басына тасумен жүр. Аулаға үйілген орам-орам шөппен бірге тайланған шөпті де сатып алып жатыр. Жұрт жемшөп қорының мол болғанын қалайды.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





