Облыс орталығының іргесінде орналасқан Қаратал, Көксу, Ескелді және Кербұлақ аудандарының тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті. Тариф мөлшері де басқа аудандармен салыстырғанда мұнда қымбат. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен өткен селекторлық жиында айтылды.
Әуелі өңір басшысының алдында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов:
– Облыстағы 358 елдімекеннің 323-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, 35-і орталықтандырылмаған. Ал облыс бойынша су құбыры желілерінің ұзындығы 3826 км.болса, оның 1 473 км. су құбыры желісін қайта жаңарту қажет. Биылғы жылы облыстық бюджеттен 26 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 322,6 млн.теңге бөлінеді. Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап 21 елдімекенде 570,1 млн.теңгеге жерасты су қорын бекіту жұмыстары жүргізілуде, ал жұмыс келісімшарт бойынша келесі жылдың тамызында аяқтауға тиіс, – деп атап өтті.
Қаратал ауданына 88,6 пайыз су беруге мүмкіндігі бола тұра, тұрғындарды әлі толық қамти алмай отыр, оның үстіне тариф құны 1 м3 – 112, 26 теңге (басқа аудандармен салыстырғанда өте көп), сондай-ақ, Алакөл ауданында – 98,04 теңге, Сарқан ауданында – 88,00 теңге. Ал ең арзаны Текеліде – 55,04 теңге. Әкімнің назарына аударған тағы бір жағдай – ол орталықтандырудың барлық жағдайы жасалғанына қарамастан Кербұлақ (93,7 пайыз қамтылған), Көксу (100 пайыз), Қаратал (88,6 пайыз) және Ескелді (97,0) аудандарының тұрғындарды ауызсумен толық жарылқай алмай отырғандығы. Оның үстіне жалпы облыс бойынша шамамен 50 пайыз су құбыры ескірген.
Аталған аудандарда жөндеу жұмыстарын, құрылысын жүргізіп жатқан мердігерлердің істі баяу жүргізіп жатқаны да айтылды және кей компаниямен заң аясында жұмыс жүргізу керегін жеткізді. Бағаның тұрақсыздығы, құрылыстың нашарлығы әкімнің көңілінен шықпады және баяндама жасаған Жеңіс Шылбынұлына, көрсеткіші төмен төрт ауданның әкіміне бір апта ішінде нақты ұсыныспен келуді тапсырды.
– Салынған және қолданыстағы нысандарды мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың теңгеріміне беру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қаратал, Ескелді, Кербұлақ және Көксу аудандарының әкімдеріне тұтынушыларды орталықтандырылған су жүйесіне қосу бойынша жұмыстарды күшейту керек, – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Қали АСҚАР
Жетісу облысы





