Жыл өткен сайын құрылыс саласы қарқынды дамып, қалалардың келбеті, ауылдардың ажары айшықтала түсті. Алыстан көз тартатын көрікті үйлер мен ғажайып нысандар жергілікті тұрғындарды ғана емес, алыс-жақыннан келетін шетелдіктерді де таң-тамаша етуде.
Қалай десек те, бұл – қыстың суығы, жаздың аптап ыстығына қарамастан маңдай терлетіп, еңбектеніп жүрген құрышқолды құрылысшылардың ерен ерлігі. Сондықтан да олар қай кезде болсын сый-құрметке лайық.
Жылдағы дәстүрге сай тамылжыған тамыз айында тойланатын Құрылысшылар күні мерекесі Қонаев қаласының Мәдениет үйінде аталып өтті. Мерекелік шараға салаға жауапты басшылар мен мамандар және құрылысшылар шақырылып, әріптестер бір-біріне жылы лебіздері мен ақ тілектерін арнады. Шара барысында Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ жемісті еңбектеніп жүрген құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін арнады.
– Құрылысшылардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестеріңіз орасан. Құрылысшыларсыз өндіріс нысандарын, жол, жайлы тұрғын үй мен басқа да ғимараттарды тұрғызу мүмкін емес. Сіздердің ауыр да жауапты жұмыстарыңыздың арқасында жыл сайын облысымыз көркейіп, дамып, гүлденіп келеді. Сондықтан да, құрылыс еліміздегі аса маңызды салалардың бірі болып есептеледі, – деген Марат Елеусізұлы құрылыс бойынша аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, саладағы жемісті істерге шолу жасады.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, биылғы қаңтар-шілде айларында облыстағы құрылыс жұмыстарының көлемі 29,6 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнімдегі құрылыс саласының үлесі 7 пайыздан асқан. Барлығы 112,8 млрд.теңгеге инвестиция тартылып, 553,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда жоғары. Оның ішінде жеке құрылыс салушылар есебінен 72,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ, биыл облыс бойынша құрылыс секторында 40 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде облыста 61 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде құрылыс бұйымдарын шығаратын 56 кәсіпорын, одан басқа құрылыс жұмысын жүргізетін 32 мердігерлік ұйым бар.
Облыс басшысы сондай-ақ, зейнет жасына қарамастан құрылыс саласына атсалысып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысын сапалы әрі мерзімінде атқарып жүрген «Жөндеу құрылыс» мекемесінің басшысы Жандолла Әбдімұратовқа, «Құрылысшы-ТБС» мекемесінің басшысы Батырхан Тохтаевқа, «Капремпроект» мекемесінің басшысы Тұрсын Ищановаға алғысын білдіріп, барша құрылысшыны облыс орталығы – Қонаев қаласының дамып, гүлденуіне бір кісідей атсалысуға шақырды.
Бұдан соң саланы өркендетуге күш салып жүрген бір топ құрылысшының есімі аталып, сый-құрмет көрсетілді. «Асан М Компани» ЖШС бас инженері Жеңіс Мақұловқа, Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Данияр Бақтияровқа, Еңбекшіқазақ ауданының құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің бас маманы Әйгерім Ғалымқызына, Ұйғыр ауданының құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің бас маманы Айжан Оспановаға салтанатты түрде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Алғыс хаты табысталды. Тағы бірқатар құрылысшы облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Мереке иелері жиын соңында Сүйінбай атындағы филармонияның концерттік бағдарламасын тамашалады.
Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Алматы облысы





