Жетісу облысының орталығы технологиялық кәсіпкерліктің жаңа ошағына айналмақ. Талдықорғандықтар небәрі үш айдың ішінде жеке IT-стартабын құрып, нарыққа шығаруға мүмкіндік беретін «Startup Orda» жобасына қатыса алады. Маусым айында бастау алатын білім беру бағдарламасы еліміздің алты пилоттық қаласында жүзеге асырылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жобаның басты ерекшелігі – қатысушылардан дайын бизнес немесе терең білім талап етілмейді. 16 жастан асқан кез келген азамат өзінің креативті идеясымен келіп, нөлден бастап кәсіпкерлік дағдыларды меңгере алады. Бағдарлама аясында жас мамандар практикалық жұмысқа басымдық беріп, өнімнің алғашқы нұсқасын (MVP) әзірлеуді, бизнес-модель құруды және тәжірибелі сарапшылармен (трекерлермен) тығыз байланыста жұмыс істеуді үйренеді. Тіркелу процесі 25 мамырға дейін жалғасады, ал оқу толықтай тегін жүргізіледі.
«Startup Orda жобасының бірегейлігі – біз дайын кәсіпкерлерді күтпейміз, оларды нөлден бастап қалыптастырамыз. Бұл – қателіктер мен ізденістер арқылы негізін қалаушының ойлау жүйесі шыңдалатын орта. 2026 жылғы бірінші лектің үздік стартаптары халықаралық «Digital Bridge» алаңындағы көрмеге қатысып, «Astana Hub Battle» жартылай финалына жолдама ала алады», – дейді Astana Hub өңірлік даму кеңсесінің директоры Диан Айбашпанов.
Талдықорғандық қатысушылар үшін нақты табыс тауып жатқан сәтті кейстер де аз емес. Мәселен, жергілікті «Online Ustaz» стартапы инвестиция тартып, бүгінде 4 300 оқушыны қамтитын ірі білім беру жобасымен келісімшартқа отырды. Сонымен қатар, Қызылорданың «Cortex AI» жобасы жасанды интеллект арқылы медицинада серпіліс жасап, 5 млн теңге жүлде иеленсе, Қостанайлық «EpiQ AI» зертханалық шығындарды есептеу жүйесін өндіріске енгізуде.
«Startup Orda» технологиялық кәсіпкерлердің жаңа буынын тәрбиелеп, Қазақстанның Орталық Азиядағы инновациялық хаб ретіндегі беделін нығайтуға бағытталған. Алдыңғы лекте еліміз бойынша 752 өтінім түсіп, 205 жоба финалға жеткені бағдарламаның жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді. Жетісу жастары үшін бұл – жеке бизнесін құрып, халықаралық деңгейге шығудың таптырмас мүмкіндігі.





