Кербұлақ ауданына бет бұрған тілшілер қауымы қалтафоннан Раушанның нөмерін іздейтін әдеті. Іздемей ше?! Күреңбелдің адамынан өзге, тіршілігі мен тынысынан хабары бар, тауы мен сайындағы жағдаятты назардан тыс қалдырмайтын қаршадай қыз Кербұлақ ауданының ақпарат жаршысы. Сонау Семей топырағында туып, қазір осы ауданның жақсылығын асырып, жамандығын жасырып жүрген бұрымды әу баста саясаттанушы болмаққа бекінген. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде білім алған. Өмір тасқынды өзен десек, сол өзен әр пендесін қажетіне орай әр салаға бағдарлайды емес пе?! Раушанды да толқын қуып, ақпарат айлағына жеткізіпті.
Раушан десе Раушан ғой. Шұға десе Шұға еді-ау дегеннен аумай қалды ма? Шыны сол, қазақы қасиетті бойына дарытып, үлкенге құрметі, кішіге ізеті даяр тұратын Раушан 2020 жылдан бері ақпарат қазанында қайнап келеді. Қазір Кербұлақ ауданының баспасөз хатшысы. Бұл сала маманның бетегеден биік, жусаннан аласа болуын талап етеді. Кейде жуас, кейде асау мінез танытуға тура келеді. Біздің Раушан осының бәрін меңгерген.
Қазіргі көп жас «Мен білемін» дегенді жиі айтады. Сөйлетсең олардан асқан ғұлама, данышпан жоқ секілді ғаламда. Құдды, құдірет оларды туабітті білім нәрімен сусындатып қойғандай. Ал, біздің Раушан ізденуге құмар. Сократтың «Өзімнің білмейтінімді білемін» тұжырымын санаға сынаптай сіңіргендей. Тынымсыз тіршілігінде «білсем, үйренсемі» көп. Содан болар, көп дүниені зерделеуге құмар. Бәлки, жер көргені де бұл қасиетінің балауыздай жануына септескен болар. Өйткені, Раушан 2009 жылы «Айналайын» би ансамблі мүшесі ретінде Франция барды, Германия мен Бельгияда болды. Көктем рәуішті Раушан солай ізденуге құмарлықты оятты.
Кісілік атой салған заманда кішілік табу аса қиын. Диоген Синопский секілді тапа-тал түсте шам жағып іздесең де табу қиын. Ал, жаны нәзік Раушанның кісімсінуінен кішілік танытуы жиі байқалады. Үнемі кеуде соғудан гөрі өзгеге ілтипат білдіріп жүреді. Бұл оның бойында «Иілгенге иіл, ол адамның соры емес, шалқайғанға шалқай, ол Құдайдың ұлы емес» дегеннен аулақ екенін аңғартпайды. Қажет уақытында тіс батыруға ұмтылғанға азу көрсетер қайраты бар қаршадай қыздың.
Тағы бір қасиет – көп тыңдау, бірақ қажетін ғана бойға сіңіру. Раушан қай уақытта да кез келген адамның сөзіне құлақ түре алады. Құймақұлақтан гөрі ақпақұлағы көп қоғамда бұл да ерек қасиет. Менікі жөн, менікі құп деуге жаны қас бұрымды назын айтқанға да, базына айтқанға да, тіпті алғыс білдіргенге де назар аударып тыңдайды.
Осы үш қасиетпен-ақ Кербұлақ ауданының баспасөз хатшысы, көктем рәуішті Раушанның болмысын аша алғандаймыз. Бастысы, болмысы басқа, бітімі бөлек біздің Раушанға мереке қарсаңында тілеулестік танытып, еңбегіне табыс тілейік. Бар бол, бай бол, біздің Раушан, журналист Раушан!
Дастанбек САДЫҚ