Тұрсын Әбдуәлидің азамат ретінде қалыптасуына терең білім мен қажырлы еңбек себеп болды. Ол өз заманында Мәскеу мен Свердловтағы іргелі оқу орындарынан журналистика, саясаттану және философия бағытында білім алып, қазақ қоғамының рухани дамуына өзінше үлес қосты.
1963 жылдан бастап ақпарат құралдарында, партиялық-ұйымдық және идеологиялық салада табанды қызмет етті. Алғашқы еңбек жолын Талдықорған облыстық партия комитетінің ақпарат және үгіт-насихат бөлімінде бастап, кейін облыстық телерадио комитетінің төр-ағасы, аудандық-облыстық газеттердің жауапты қызметкері, «Октябрь туы» мен «Жерұйық» секілді басылымдардың бас редакторы болды.
Тұрсын Әбдуәлидің журналистік қолтаңбасы – сараптауға, тұшымды ойға, өмір шындығына негізделген. Оның әрбір мақаласы шындықты шыңырауынан суырып, халықтың мұң-мүддесіне үн қосып отырды. Қай тақырыпқа қалам тартса да әділет пен адалдықты ту етті. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамнан қол үзбей Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында саясаттану және философия пәндерінен аға оқытушы болды. Бұл – оның өмірінің тағы бір мағыналы белесі. Тек жазумен шектелмей жастарға бағыт-бағдар беруді де азаматтық парызы санады.
Тұрсын Әбдуәли – тек журналист емес, елдің жанын тербеген ой иесі. Ол – азаматтық биіктікті қаламмен дәлелдеген, қоғамдық пікір қалыптастыруда, ұлттық болмысты дәріптеуде аянбай тер төккен қайраткер.
2021 жылы дүниеден өткен әріптесіміз елге елеулі еңбек, ұрпаққа ұлағатты өнеге қалдырды. Оның өмір жолы – ұлтқа адал қызмет етудің шынайы үлгісі. Қаншама шәкірт оның дәрісін тыңдап, жазғанын оқып, ой түйді. Қаншама оқырман оның мақалаларынан жігер алып, жаңа серпінмен өмірге қарады.
Ол – отаншылдық пен адалдықтың, парасат пен пайымның символы. Оның өмірі мен шығармашылығы – журналист болам деген жастарға бағыт, азамат болам дегендерге бағдар.
Сарби ӘЙТЕНОВА