Кербұлақ ауданында жергілікті билік аудан орталығының айналасын жасыл белдеу жасау туралы шешім қабылдады.
Бұл Сарыөзекті күшті желден қорғап, жыл сайынғы құрғақшылықтың салдарын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Былтыр орман алқабына 6 мың көшет отырғызылса, биылғы маусымда жоспар екі есеге ұлғайтылды. Қазір елді мекен маңайына жасыл желектерді отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. Саябақ аймақтары да көгалдандырылуда. Елді мекеннің дәл орталығында қылқан жапырақты және жапырақты ағаштардан жаңа аллея пайда болды. Осы жұмыстың бәрі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында іске асырылуда.
– Ауданымыздың климаты құрғақ. Сондықтан өңірді көгалдандыру біз үшін өте маңызды. Алдағы уақытта көшеттер егумен қатар ағаш тұқымдарын да себетін боламыз. Бұл жұмыстар өз нәтижесін береді деп сенемін, – дейді аудан әкімінің орынбасары Дәурен Жолжанов.
Аудандық ветеринарлық стансысының директоры Ғалым Қасеновтың айтуынша, ветеринарлық қызмет те көгалдандыру істеріне атсалысып, үлес қосуды ұйғарған. Нәтижесінде 150 түп көшет отырғызылған. Енді қызметкерлер ағаштарға үнемі күтім жасауды қолға алмақ. Әр адам өз ауылын көркейтіп, абаттандыруға атсалысса, барлық өлке экологиялық жағынан таза болады.
Айгүл Байжұмақызы
Кербұлақ ауданы





