Қазақстанда алимент төлеуден жалтару мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың мәліметінше, бүгінде ата-аналардың балалар алдындағы алименттік берешегі 18 миллиард теңгеге жеткен, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, бұл көрсеткіш нақты жағдайды толық қамтымайды. Ресми статистикаға тек мүлде төлемейтіндер немесе үш айдан астам уақыт алимент аудармағандар ғана енгізіледі. Ал тұрақсыз төлейтіндер немесе ең төменгі сомамен шектелетіндер есепке алынбайды.
«Бұл 18 миллиард – мүлдем төлемейтіндер немесе үш айдан астам уақыт бойы төлемегендер. Егер айына бір рет, екі айда бір рет немесе ең төменгі соманы төлейтіндерді ескерсек, берешек екі есе көп болуы мүмкін. Кейбіреулер үшін бұл жай ғана сан, бірақ оның артында дәл қазір қолдауды қажет ететін тірі балалар тұр», – деді депутат.
Ресми деректерге сәйкес, елде шамамен 300 мыңнан астам бала алимент алады. Бұл жалпы балалар санының шамамен 4 пайызына тең. Әсіресе, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін жағдай күрделі. Мұндай отбасыларда емделу мен күтімге кететін шығын тұрақты әрі жоғары.
Осыған байланысты Мәжілісте мемлекеттік алимент қорын құру ұсынылды. Бастамаға сәйкес, ата-ана төлемеген жағдайда да балаға қаражат уақытылы беріліп отырады. Кейін бұл қаржыны мемлекет борышкерден өндіріп алады. Сонымен қатар депутат алимент төлеуден жалтаруға мүмкіндік беретін заңнамалық олқылықтарды жою қажеттігін атап өтті.





