«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деп адамдықтың биік өлшемін көрсеткен Абай атамыздың сөзі – бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, өзектілігін жоғалтпаған рухани бағдар. Ұлы ақынның әрбір өлеңі мен қара сөздері адамды ойлануға, ізденуге, білімге ұмтылуға, жүрек пен ақылдың үндестігін табуға шақырады.
10 тамыз – қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Бұл күн – ұлт руханиятындағы айрықша мәні бар дата. Осыған орай Жетісу өңірінің кітапханаларында Абайдың мол мұрасы кеңінен насихатталып, оның тағылымды ойларын оқырман жүрегіне жеткізуге бағытталған мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Облыс кітапханаларында өткен кітап көрмелері, әдеби және поэзиялық кештер мен байқаулар, дөңгелек үстел, марафондар мен танымдық кездесулердің өзегінде – Абайды оқу, Абайды тану және Абай ойының бүгінгі ұрпақ үшін маңызын түсіндіру мақсаты тұр.
Атаулы күнге орай Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында «Абай мұрасы – ұрпаққа өнеге» тақырыбында Ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл күні кітапхана әдеттегі жұмыс ырғағынан бөлек, оқырман мен кітапты жақындастыратын, білім мен руханиятқа бастайтын ерекше мәдени кеңістікке айналды.
Ашық есік күні кітапхана есігі оқырман қауымға сағат 09:00-ден 00:00-ге дейін айқара ашылып, келген тұрғындар кітапхана бөлімдерімен танысып, түрлі танымдық дүниемен сусындады.
Кітапхананың оқу залдары мен бөлімдерінде арнайы мазмұнды кітап көрмелері жасақталды. Оның ішінде Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көлемді көрме ерекше орын алған. Алты бөлімнен тұратын көрме арқылы ұлы ақынның шығармашылық әлемі жан-жақты ашылды.
Атап айтқанда, «Абайдың әдеби мұрасы» бөлімінде ақынның өлеңдері, қара сөздері мен шығармалары топтастырылса, «Абайдың саз мұрасы» бөлімінен оның әндері мен музыкалық мұрасы туралы әдебиеттер орын алды. «Абайдың ақындық мектебі» ақын айналасындағы шәкірттері мен ізбасарларының шығармашылығынан сыр шертсе, «Абайтану әлемі» бөлімінде ұлы ойшылдың мұрасын зерттеген ғалымдардың еңбектері ұсынылды.
Абай шығармашылығының әлемдік деңгейде мойындалғанын көрсететін «Абай әлем тілдерінде» бөлімі де оқырман назарын өзіне аударды. Ал «Мерзімді басылымдардағы Абай» бөлімінен ақын мұрасы туралы әр жылдары жарық көрген мақалалар мен зерттеу материалдарын кездестіруге болады.
Ашық есік күні аясында қазіргі оқырманның сұранысы да назардан тыс қалған жоқ. Кітапхана сөрелерінен мотивациялық және психологиялық әдебиеттер, тұлғалық даму, өзін-өзі жетілдіру, қарым-қатынас мәдениеті мен өмірлік дағдыларды қалыптастыруға арналған кітаптар топтамасы ұсынылды.
Балалар мен жасөспірімдер үшін де арнайы әдебиеттер кітап сөрелерінен орын алды. Ертегілер, танымдық кітаптар, көркем шығармалар мен қызықты басылымдар жас оқырмандардың кітап әлеміне еркін енуіне мүмкіндік берді.
Ашық есік күніне қала мектептерінің ұстаздары, Алматы және Жетісу облыстарының мамандандырылған күзет басқармасының қызметкерлері, облыстық Полиция департаментінің өкілдері, мәдениет саласының мамандары мен қала тұрғындары белсенді қатысса, ал кітапханаға алғаш келген оқырмандар үшін экскурсиялар ұйымдастырылды. Келушілер кітапхананың бөлімдері мен оқу залдарын аралап, әдеби қорымен және қызмет түрлерімен танысты.
Бұл күні кітап оқумен қатар, келушілердің бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуіне де мүмкіндіктер жасалды. Кітапхана кеңістігінде шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ ойындары ұйымдастырылып, зияткерлік ойындар арқылы ойлау қабілетін шыңдайтын еркін орта қалыптасты.
Абайды ұлықтау бір ғана орталық кітапханамен шектелген жоқ. Аудан және қалалық кітапханаларда да ақын мұрасына арналған түрлі мазмұндағы іс-шара өтті. Атап айтсақ, Ақсу аудандық кітапханасында «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты поэтикалық марафон, Алакөл аудандық кітапханасында «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» атты дөңгелек үстел, Ескелді аудандық кітапханасында «Абай әлемі – мәңгілік мұра» атты библиографиялық шолу ұйымдастырылды. Ал Көксу аудандық кітапханасында «Абайды оқы, таңырқа» атты байқау, Кербұлақ ауданы Қоғалы ауылдық кітапханасында «Қазақта Абай дара, Абай дана» атты әдеби-сазды кеш, Қаратал ауданында «Абай – мәңгілік тақырып» атты поэзия кеші, Панфилов аудандық кітапханасында «Абай әлемі – ақыл мен парасат қазынасы» атты дивертисмент, Сарқан аудандық кітапханасында «Қазақ даласының ұлы тұлғасы» атты тарихи кеш өтсе, Талдықорған қалалық орталық балалар кітапханасында «Абай әлемі» атты поэзия кеші ұйымдастырылды. Текелі қалалық балалар кітапханасында «Абай әлеміне саяхат» атты әдеби таныстық өтті.
Бүгінгі ұрпаққа Абай мұрасын таныту – оның өлеңдерін жаттатумен ғана шектелмейді. Ұлы ақынды тану – оның сөзінің мәнін түсіну, айтқанын өмірмен байланыстыру, білім мен еңбекке, адалдық пен адамгершілікке ұмтылу. Сондықтан Абай күні – күнтізбедегі атаулы дата ғана емес, бұл – ұлт болып өзімізге қайта үңілетін, рухани мұрамызды жаңғыртатын, кітап пен білімнің қадірін еске салатын күн.
Лина АЙДЫН,
облыстық С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының бөлім меңгерушісі





