«Кез келген адам сауда жасай алады» деген пікірмен толық келісуге болмас. Себебі, әр адамның дүниетанымы, ой-өрісі, адаммен тіл табысуы бөлек. Ал Адас апамыз «Көңіл деген көк дөнен болса, кісінің жетпейтін жері болмайды» дейді. Расымен де кісінің көңіліне қарап сөйлеу, икемің келетін істі тауып, соны ұршықша иіріп алып кету бәрінің қолынан келетін іс емес. 85 жасқа келсе де кейіпкеріміз ешкіммен «шәй» деспей, ауылдастарына сапалы қызмет көрсетіп, қайырымдылық шараларына атсалысудан шаршаған емес.
Сатуға болатын заттың бәрін жиып, 8 жыл қысы-жазы базарда сауда жасаған Адас апамыздың өмірде көргені, көңілге түйгені көп.
– Сауда жасағанда жүрек таза болуы керек. Арамдық, көреалмаушылық, қызғаныш деген қитұрқы қасиеттен ада болғанда ғана ісіңе береке кіреді. Осы дүкенім де балаларымның ақ адал еңбегі. Ұжымшар бастығынан қираған ғимараттың фундаментін сұрап, құжаттарын рәсімдеп, дүкен тұрғыздық. Бұл да бір арманым еді. Негізі жас кезімде көп қиындық, жоқтылық көрдім. Бірақ сауда жасап, қолға ақша түссе де елдер ұқсап жинаған емеспін. Бәрін балаларға жұмсадым. Сауда-саттықпен айналысуға бел буған жандарға сауданың жауы – қарыз деп айтқым келеді. Қарызбен басталған істің берекесі болмайды. Өз басым ешқашан да несие алып көрмедім. Тауар сатушылар «Қарызға алып алыңыз. Кейін қайтарасыз» десе ат-тонымды ала қашамын. Марқұм Бұлытбай әкем «Қарыз күліп барып, жылап қайтатын қасірет. Ешкімнен еш нәрсе сұраушы болма» дегенді жиі айтатын. Әкенің ақылы өмір бойы азық болды, – деген тәжірибелі кейуана ақыл-кеңесімен де бөлісті.
Бостан ауылында дүниеге келген Адас апамыз бір шаңырақтың ұлы да, қызы да болған. Кез келген жұмысты тыңғылықты істегеніне қызыққан әкесінің «Еркек бала боп тумағаның-ай?!» деген сөзі күні бүгінге дейін құлағында сайрап тұр.
Жазды күндері таң бозарып атқан шақта ауылда ең бірінші дәл осы дүкеннің есігі айқара ашылады. «Нәсіп те, береке де таңмен келеді» дейді кейіпкеріміз. Адас апамыздың дүкені – «Ақсәуле». 19 жасында тұрмысқа шығып, ата-ененің батасын алған ардақты жан бүгінде бір отбасының емес, тұтас ауылдың ақ жаулықты анасына айналды. Жолдасы Сейітқали Оңалбаев Қасым Аманжоловтың «Ақсәуле» өлеңіне ән жазып, Адас апамызға арнаған екен. 65 жасында өмірден өткен жолдасына деген сый-құрметтің, кіршіксіз адал сезімнің оты өшпесін деген ниетпен дүкенді осылай атаған.
Қазіргі қоғамда еңбек етемін деген жанға мүмкіндік өте көп. Ынта болса екі қолға бір күрек оңай табылатын заманда жан-жақтан көмек күтпей-ақ өз бетіңмен еңбектеніп, үлкен белесті бағындыруға толық жағдай бар. Бүгінгі біздің кейіпкердің тынымсыз тірлігі, өмірлік ұстанымы «Алма піс, ауызға түс» деп жайбарақат отырған «жұмыссыз жандарға» үлкен сабақ болары анық.
Еңлік КЕНЕБАЙ





