Президенттің биылғы Жолдауында айқындалған цифрландыру мен білім беру сапасын арттыру міндеттері аясында білім саласында жаңа серпін беретін маңызды шаралардың бірі – «AI Week: Жасанды интеллект – заманауи мұғалімнің құралы» атты оқыту семинары өтті.
Аталған семинардың мақсаты – білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын тиімді енгізу, педагогтердің заманауи цифрлық құралдарды меңгеру дағдыларын арттыру және оқу процесін жекелендірудің жаңа әдістерін ұсыну болды.
Семинар барысында қатысушыларға жасанды интеллект негізіндегі платформалардың жұмыс істеу принциптері мен оларды сабақ барысында пайдалану жолдары таныстырылды. Мұғалімдер сабақ мазмұнын бейімдеуде, көрнекі және визуалды материалдар дайындауда, оқушылардың жеке қабілетіне қарай тапсырмаларды саралауда AI құралдарының артықшылықтарымен танысты.
Сонымен қатар, тренинг барысында интерактивті платформаларды қолдану, оқу контентін автоматтандыру және бағалау жүйесін цифрлық форматта жүргізудің тиімді тәсілдері көрсетілді. Қатысушылар тәжірибелік бөлімде жасанды интеллект көмегімен сабақ жоспарын құрастырып, оқу материалдарын визуализациялау мүмкіндіктерін сынап көрді.
Мұндай іс-шаралар педагогтердің жаңа технологиялармен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыруға, білім сапасын арттыруға және болашақ ұрпақтың цифрлық сауаттылығын дамытуға зор үлес қосатыны сөзсіз.
Қорытындысында, семинарға қатысушылар жасанды интеллект – мұғалім еңбегін жеңілдететін, шығармашылықты дамытатын және білім беруді жаңа деңгейге көтеретін қуатты құрал екенін атап өтті.
Мұхтар Күмісбек





