Қазақстанда әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы қайта іске қосылуға дайындалып жатыр. «Отбасы банк» басшылығының мәліметінше, өтінім қабылдау тамыз айында басталуы мүмкін, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бағдарламаны қаржыландыруға қажетті қаражат бөлінген. Бұған дейін «Отбасы банк» Азия даму банкімен 90 млрд теңге көлеміндегі қарыз бойынша келісім жасасқаны хабарланған. Бұл қаражаттың бір бөлігі «Ұмай» ипотекасын, екінші бөлігі «Жасыл ипотеканы» қаржыландыруға бағытталмақ. Алғашқы кезеңде 2 мыңнан астам несие беру жоспарланып отыр.
Негізгі шарттары қандай?
Алдын ала жарияланған мәлімет бойынша, «Ұмай» бағдарламасына ресми табысы бар жұмыс істейтін әйелдер қатыса алады. Қарыз алушының соңғы кемінде алты ай бойы зейнетақы жарналары аударылып тұруы талап етіледі.
Бағдарламаның негізгі шарттары:
- ең жоғары несие сомасы – 50 млн теңгеге дейін;
- несие мерзімі – 25 жылға дейін;
- бастапқы жарна – ірі қалаларда 20%-дан, өңірлерде 15%-дан;
- бастапқы және екінші нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік беріледі;
- екі қосалқы қарыз алушыны тартуға болады;
- бастапқы жарнаға зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
Бағдарлама тек алғашқы баспанасын сатып алғысы келетін әйелдерге ғана арналмайды. Алдын ала шарттарға сәйкес, ол тұрғын үй жағдайын жақсартуды көздейтін азаматтарға да қолжетімді болуы мүмкін. Екінші нарықтағы баспанаға қатысты үйдің салынған жылына қойылатын талап бар: 2016 жылдан кейін пайдалануға берілген тұрғын үй қарастырылады.
Пайыздық мөлшерлеме қанша болады?
Бұл жерде әзірге екі кезеңді ажыратқан жөн.
«Отбасы банктің» қазіргі ресми ақпаратында «Ұмай» бойынша жылдық 14,4% мөлшерлеме көрсетілген. Ал қарыз алушы тұрғын үй құнының немесе қарыз сомасының 50%-ын жинақтағаннан кейін, мөлшерлеме 3,5%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бастапқы кезеңде 15,4%-дан 16,4%-ға дейін, ал кейінгі төмендетілген мөлшерлемеде 3,6%-дан 4,4%-ға дейін көрсетілген.
Бұл ретте банк бағдарламаның жаңа іске қосылуына байланысты нақты шарттарды әлі де нақтылап жатыр. Сондықтан әлеуметтік желілерде немесе түрлі ақпараттық ресурстарда кездесетін пайыздық мөлшерлемелерді соңғы бекітілген шарт ретінде қабылдамаған жөн.
Кімдер үшін тиімді болуы мүмкін?
«Ұмай» ең алдымен тұрақты әрі ресми табысы бар, бірақ нарықтағы стандартты ипотеканың мөлшерлемесі жоғары болғандықтан баспана алуды кейінге қалдырып жүрген әйелдерге қызықты болуы мүмкін.
Бағдарламаның ерекшелігі – бастапқы кезеңдегі мөлшерлеме салыстырмалы түрде жоғары болғанымен, жинақ көлемі ұлғайған сайын қарыздың мөлшерлемесін төмендету мүмкіндігі қарастырылған. «Отбасы банктің» жинақ жүйесінде тұрғын үй құнының 50%-ын жинау маңызды рөл атқарады.
Мәселен, өңірлерде бастапқы жарна 15%-дан басталса, ірі қалаларда бұл көрсеткіш 20%-ды құрайды. Ал несие сомасының шекті мөлшері 50 млн теңге болғандықтан, бағдарлама арқылы сатып алуға болатын баспананың нақты құны бастапқы жарна көлемі мен банктің қарыз алушының төлем қабілетіне берген бағасына байланысты болады.
Тұрғын үй алуды жоспарлаған әйелдерге бағдарламаның ресми басталуын күтіп қана қоймай, алдын ала дайындалған тиімді. Ең алдымен депозиттің бар-жоғын, жинақ көлемін, соңғы алты айдағы зейнетақы аударымдарын және ресми табысты тексеріп алған жөн.





