Алакөлде 18 жастан асқан 90 келіден жоғары салмақтағы балуандар арасында қазақ күресінен дүбірлі дода мәресіне жетті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл спорттық бастама аймақтағы бұқаралық спортты дамыту мен ұлттық өнерді насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды. Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде ұйымдастырылған аудандық біріншілікте ауылдық және қалалық округтерден жиналған сайдың тасындай іріктелген спортшылар шеберлік байқатты.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Мәулен Төлеужанов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сатай Бекболатов пен «Жетісу барысы» турнирінің жүлдегері Ернар Қабдолдаев бозкілем шеберлеріне қолдау білдіріп, ақ тілектерін арнады.
Турнирдің бас төрешісі – спорт шебері, Азия чемпионы, Жетісу облысының құрметті спорт ардагері Бақтұр Шаяхметов жарыс ережелерімен таныстырып, ашық әрі әділ төрелік ету принциптерін қамтамасыз етті.
«Қазақ күресі – тек спорт емес, бұл біздің ұлттық кодымыз бен рухымыз. Алакөл өңірінен шыққан жас балуандардың халықаралық ареналарда топ жаратынына сенімдіміз», – дейді ұйымдастырушылар.
Көрермендердің делебесін қоздырған тартысты белдесулер қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
-
І орын: Мадияр Шәкенғалиев (Көлбай ауылдық округі) – бас жүлде иегері.
-
ІІ орын: Нұржан Тоқтасынов (Жыланды ауылдық округі) – күміс жүлдегер.
-
ІІІ орын: Бауыржан Ақатаев (Үшарал қаласы) – қола жүлдегер.
Шаршы алаңда озық шыққан саңлақтарға арнайы белдіктер мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Бас жүлде иегеріне алтын белдік пен 500 000 теңге берілді. Екінші орын алған балуан 300 000 теңге мен күміс белдікті еншілесе, үшінші орынға 200 000 теңге және қола белдік бұйырды.
Бұл дода аясында тек балуандар емес, жанкүйерлер де назардан тыс қалмады. Көрермендер арасында бағалы сыйлықтар ойнатылып, ұлттық спорт мерекесінің көркін аша түсті. Ал жеңімпаздар енді облыстық «Жетісу барысы – 2026» турнирінде аудан намысын қорғауға жолдама алды.





