Жетісу облысында Алакөлге құлаған болуы мүмкін гидроұшақтың сынықтары мемлекеттік аукционға шығарылды. Бастапқы бағасы – 3,1 млн теңге. Сауда 12 қарашада өтеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жетісу облысының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті тәркіленген әуе кемесінің бөлшектерін сатылымға қойған. Қазір олар Талдықорған маңындағы Еркін ауылында орналасқан қоймада сақтаулы тұр.
Жарияланған фотосуреттерден әуе кемесінің апатқа ұшырағаны байқалады. Тұмсығында «870» нөмірі бар қайық тәрізді корпусы майысқан, қанаты жыртылған. Қозғалтқышы да бөлек жатыр.
Бұл 2024 жылғы 25 шілдеде Ақши ауылы маңында Алакөлге құлаған гидроұшақ болуы мүмкін. Сол кезде құтқарушылар судан ауыр жарақат алған екі туристі алып шыққан.
Кейін әуе кемесінің иесі оны мемлекеттік тіркеуге қоймағаны, ал ұшқыштың тиісті куәлігі болмаса да, туристерді ақылы серуенге шығарғаны анықталған.
Қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған. Ұшақ иесіне 55 380 теңге айыппұл салынып, SKYPPER 912 әуе кемесі мемлекет кірісіне тәркіленген. Тиісті шешім 2025 жылғы қаңтарда қабылданған.
Әзірге гидроұшақтың сынықтарын сатып алуға ниет білдіргендер жоқ. Қазан айында аукцион екі рет өтпей қалған. Сауда бағаны төмендету тәсілімен жүргізілетіндіктен, белгіленген мерзімде сатып алушы табылмаса, сынықтардың бағасы біртіндеп арзандайды.





